«Неге кешірім сұрайсың? Балаң емес, сержанттар ұрды»: Жәбірленуші тарап Отардағы істің бұрмаланғанын айтты

Qaz365.kz редакциясы

Отардағы істе күдікті деп танылған Қ. Алдабергеннің анасы жәбірленуші тараптан кешірім сұрауға келді

Коллаж: Qaz365.kz

Жамбыл облысында Отардағы 21450-12 әскери бөлімінде ұрып-соққаннан жақ сүйегі сынған Қапар Есбол Қалыбекұлының ісінде екінші күдікті деп танылған Алдаберген Қасиеттің анасы жәбірленуші тараптан кешірім сұрауға келді. Алайда Қапар Есболдың әкесі Қалибек мырза оның ұлының жазықсыз екенін және кешірім сұраудың қажеті жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Екінші күдікті ретінде танылған Алдаберген Қасиеттің анасы Байділда Гүлнұр ханым кешірім сұрау үшін Қалибек мырзамен кездескен. Алайда Қалибек мырза оның ұлының жазығы жоқ екенін айтып, адвокатымен бірге іс жайлы бейнежазба түсірді. 

«Құрметті халқым! Бұл кісі баласы үшін кешірім сұрауға келіпті. Бұл кісілерге мен: «Неге менен кешірім сұрайсың? Балаң кінәлі емес. Баламды ұрған сержанттар» деп айттым», — деді Қапар Есболдың әкесі Қалибек. 

Ал адвокат Алдаберген Қасиеттің үстінен іс қозғайтындай бірде-бір дәлелдің жоқ екенін атап өтті. 

«Мына жерге жазып қойыпты. 2026 жылғы 10 қаңтар сағат шамамен 21:40-та 3-танк батальонының казармалық үй жайында киім кептіретін бөлмеде күдікті Қ. Алдаберген мен қатардағы жауынгер Е.Қапар арасында сөзге келіспеушілік туындап, екеуінің арасындағы қарым-қатынастардың жарғылық қағидалары бұзылған. Яғни, жанжал барысында күдікті Қ. Алдаберген өзінің сол қолымен Е. Қапардың оң жақ бет тұсынан 1 рет соққы жасаған. Өз кезегінде Е. Қапар да оны жауап ретінде оң аяғымен тепкен» дейді. Міне, осындай жауап беріп, істі осылай бұрмалап жатыр», — деді Ғабит Өмірбек.

Сонымен қатар адвокат ата-аналардың айтуынша Есбол Қапардың жағы сынған күні бүкід әскерилерден ақша жиналғанын да айтты.

«Байділда Гүлнұр ханым Қызылордадан Қалибек мырзаға келіпті. Қалибек мырза маған ертіп әкелді. Мен осы кісілердің арасындағы әңгімені естіп, аң-таң болып отырмын. Байділда Гүлнұр ханымның айтуынша, Беспаев Қалибек мырзаның айтуынша, баланың жағы сынған күні бүкіл әскери қызметкерлерден ақша жинаған екен», — деді адвокат Ғабит Өмірбек. 


Байділда Гүлнұр да бұл оқиғаны растап, қалай ақша жинағандарын айтып берді. 

«Сол кезде «мама, мен бүгін әскерилер киетін етік (берцы) алдым» деді. Мен: «Әскерде жүріп сатып аласың ба?» деп сұрадым. Ол: «Мама, теріден тігілген ғой» деп айтты», — деді Байділда Гүлнұр. 

Адвокат: «Сол кезде жиналған ақшаны сол әскерилерден жинап берді деп ойлайсыз ба?», — деп сұрады.

«Иә, 265 000 теңге жиналып тұр. 265 000 теңгені сержанттар мен офицер капитандар жинамайды ғой. Осы сарбаздар 3 мыңдап, 4 мыңдап, 5 мыңдап үйлерінен ақша алып жинап тұр ғой», — деді Гүлнұр Байділда. 

Ол сол кезде ұлының айтуымен «Нұрдәулет» деген кісіге аударған түбіртегін көрсетті. Беспаев Қалибек: «Нұрдәулет деген сержант ол», — деп айтты. 

«Сонда жәбірленушінің жағын сержанттар сындырады екен. Ақшаны мерзімді әскери қызметкерлер жинайды екен. Дұрыс түсіндік пе? Бұл не деген сұмдық! Міне анасы келіп алып сөйлей алмай, құр жылап отыр. «Нақақтан-нақақ балам қамалып кетеді» деп. Ананың көз жасын сүртетін үкімет бар ма бізде? Құқық қорғау органдары бар ма? Неге анасының айтқан сөздеріне құлақ аспайды?», — деді адвокат Ғабит Өмірбек. 

Күдік деп танылған Қ. Алдабергеннің анасы Байділда Гүлнұр сөзінше, оған Дулат есімді және Билялов есімді азаматтардың шартты түрде ғана жаза алып, 2 аптаның ішінде ауылына қайтатынын айтқан.
Адвокат сот шешімінен бұрын сот үкімін анасына айтудың заңсыз екенін айтты. Адвокат: «Нағыз кінәлі тұлғалар бостандықта жүруі керек пе?» деген сауал қойды. Ол әскердегі осындай былықтың кесірінен көптеген адамның өз-өзіне қол салғанын да еске салды. 

«Сол күні әскери қызметкерлердің әрқайсысына қанша ақша аударылғанын, беттестіру хаттамасы толтырылмайды. Әрине, бір оңай жолы бар. Бір басқа әскери қызметшіні тауып алып, оны күдікті қылып, әрекетін күдікті ретінде дәрежелеп, қамай салу. Біз істің әділ қаралуын талап етеміз және сот отырысы да ашық өтсін», — деді адвокат Ғабит Өмірбек.

Айта кетейік, Қапар Есбол 2025 жылы 28 мамырда Отардағы әскери бөлімге Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған. Әскесінің сөзінше, әскерден босауына 4 ай қалғанда оны үш сержант соққыға жыққан. Тағы бір сержант темір затпен ұрып, сарбаздың жақ сүйегі мен мұрны сынған. Ең сорақысы — сарбаздың ауыр жарақат алғанына қарамай, бір ауруханаға қаратқан соң 16 күн бойы бір үйде ұстап отырған.