СҚО-да Ақан сері мазарына ауыр техника кіргізген үш әкім сөгіс алды: наразы тұрғынға аудан әкімі тіл тигізді

Qaz365.kz редакциясы

Тұрғындар Ақан сері мен туыстары жерленген ескі қорымға адамдар мен ауыр техника кіріп, басып өткеніне наразы

Коллаж: Qaz365.kz

2025 жылы 5 маусым күні Солтүстіктегі Ақан сері мазарына Айыртау ауданы әкімінің тапсырмасымен ауыр жүк көліктері кіріп, шөптерін шауып, цементтерді тасыған. Алайда Ақан серінің мазарының айналасын қазып, ондағы ескі қорымдарды басып кеткен соң, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатты наразы болды. «Бабаларымыз жатқан жерді басып, өлілерге тыныштық бермеді» деп назалы болған Бекжан Ералинов осы іске қатысты екі ауылдың әкімін және аудан әкімін жазалауды сұраған еді. Бекжан Ералинов СҚО облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловтың қабылдауында болғанда аудан әкімінің оған «маскүнем» деп тіл тигізгенін айтты. Бұл жағдайды редакциямызға облыс әкімінің аппараты да растады.

Qaz365.kz редакциясы Солтүстіктегі Ақан серінің мазарының айналасында болып жатқан дауға байланысты үш әкімнің бірдей неге сөгіс алғанын анықтап көрді.

Фото: Бекжан Ералинов / Оқиға болған күні кірген ауыр техниканың іздері

Бекжан Ералиновтің сөзінше, Қамсақты ауылдық округінің әкімі Қайсар Махметов пен Антонов ауылдық округінің әкімі Жомарт Оразалин қорымға ешбір рұқсатсыз кірген. Бекжан Ералинов өзінің бабасы Ерәлінің осы зиратта жатқанын айтты. Ақан сері Ерәлі бабасының балдызы екен. Зиратта жатқан марқұмдар Ақан серімен өмірінің соңында бірге болып, жерлеген туыстары. Оның сөзінше, бабалардың аруағын мазалаған ауыл әкімдері кешірім сұрап келмеген. Аудан әкімі кешірім сұрауға келгенде «үндемей отырып, үндемей қайтқан». Бекжан Ералинов аудан әкімі кейінгі «маскүнем» деген сөзі үшін ешқандай кешірім сұрамады деп отыр. Ералиновтің сөзінше, әкімнің орынбасары тіл тигізген әкімге ескерту жасаған, ал туыстары да наразылық танытқан. Солай адамдар әкімнің дөрекі сөзіне тоқтау салған. 

«Біздің бабамыз Ерәлінің жұбайы Айша — Ақан серінің туған апасы. Ақан сері қартайғанда, жан баласына қажет болмағанда сол апасына келіп, біздікілер ақтық сапарға шыққанша қасында болған. Қайтыс болған соң, біздікілер өзіміздің зиратымызға жерлеген. Міне, енді оларға жергілікті әкімдер сондай «алғысын» көрсетіп отыр. Бұл қоршалған ескі қорым ғой. Бұған ешқандай рұқсатсыз кіруге, көлік кіргізуге қандай құқығы бар? Көлік кіргізгендерін айтпай отыр. Видеода көліктің іздері ап-анық көрініп тұр», — деді Бекжан Ералинов. 

Ол жөн-жосықсыз кірген әкімдердің жүк көліктерінің іздері бар суреттерді жіберді. Бұған дейін прокуратура аудан әкімі Мейрам Меңдібаевқа, Қамысақты ауыл әкімі Қайсар Махметовке және Антоновка Жомарт Оразалинге сөгіс жарияланды. Бұл зират Қамысақты ауылына қарасты. Олар Бекжан Ералиновтың сөзінше, бұл мазарды жаңартып, кәсіпкермен білесіп, реставрация жасамақ болған.

Фото: Бекжан Ералинов / Мазардың айналасын аяқпен басып, қазып, шөп шауып жүрген қызметкерлер

Бұған дейінгі БАҚ өкілдеріне берген жауабында Қамысақты ауылының әкімі бұл жұмыстардың Айыртау ауданының әкімі Мейрам Жақсылықұлы Мендібаевтың ауызша тапсырмасы бойынша жүргізілгенін айтқан. Ал Антоновка ауылының әкімі Жомарт Оразалин ешқандай тапсырса бермегенін бұл іске қатысы болмағанын айтқан.

Қамысақты ауылының ресми парақшасында 2025 жылғы 5 маусым күні мазар маңында «абаттандыру жұмыстары» жүргізілгені жайлы дерек қана бар. Көліктердің ізі, қазылғаны жайлы ақпарат пен суреттер жоқ. 

Фото: Скриншот / Facebook

Бекжан Ералинов осы жағдайдың ауыл ақсақалдарына ауыр тигенін атап өтіп, сотқа жүгінетіндерін айтты. Ол жай ғана сөгіс беруді жеңіл жаза деп санайды. Бізге жіберген суреттерінде көлік іздері, қазу жұмыстары көрінеді. 

Фото: Бекжан Ералинов / Оқиға болған күні жағдайдың куәсі болған наразы тұрғындар

Көне моланың басына қойған ағаштар, белгілер уақыт өте үгітіліп, жойылып кетуі мүмкін. Олар бара бара төмпешік болып қалады да, ақыры шөгіп кетеді. Ауыр көлік кіргізіп, моланы басып, артынша «білмедік» деп сөгіс алған 3 әкімге сондықтан ақсақалдар мен тұрғындар қатты назалы. 

Фото: Бекжан Ералинов /  Оқиға болған күні кіргізілген құрылыс заттары мен ауыр көліктің іздері

Ал облыстағы әкімнің орынбасарының қабылдауында болғанда «маскүнем» деп тіл тигізген аудан әкімі Мейрам Меңдібаевқа қатысты іс қызметтік этика бойынша облыста қаралған. Аудан әкімінің ісіне қатысты соңғы шешімді облыс әкімі қабылдауы керек. Бірақ 1 ай бойы ешқандай жауап келмеген. Бұл туралы Бекжан Ералинов істің қаралу барысын түсіндіре отырып мәлімдеді. 

«Іс бас департаментте қаралды, комиссия тексерді, аудан деңгейінде де расталды. Бұл мәселе облыс әкімдігінің құзырында болғанына 1 ай өтті. Маған әлі күнге жауабын бермеді. Аудан әкімі маған әкемнің көзінше, туыстарымның көзінше тіл тигізді», — деді ол.

Сонымен қатар, Ералинов әкімдердің деңгейіне қарай жауапкершілік те әртүрлі болатынын атап өтті.

«Ауыл әкімдеріне қатысты ереже бар: егер алты ай ішінде қайтадан заң бұзса, қызметтен босатуға дейін барады. Ал аудан әкімдері саяси қызметкер саналғандықтан, бұл талап оларға қолданылмайды», — деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, Астанадағы департамент істің мән-жайы толық расталғанын жеткізген. Сондай-ақ ол «маскүнем» деген сөзді аудан әкімінің қайдан тауып айтқанына таңқалып отыр.

«Мені таңғалдырғаны — ол мұндай ойды қайдан алды? Біз жақын араласқан емеспіз, бірге отырған, ішкен де жоқпыз. Ешқандай наркологиялық есепте де жоқпын. Бұл сөз менің намысыма тиді. Бұл білдей бір ауданды басқарып отырған адамның этикасын, адамдарға деген қарым-қатынасын көрсетеді. Бұл мәселе бойынша еліміздің президентіне хат жазамын. Себебі осы мәселе бойынша комиссия жіберді. Бірақ істің немен біткенін біз білмейміз. Бірінен соң бірі сөгіс алған әкімдер... Өңірді мұндай әкімдер қалайша басқарып отыр? Бұл азаматтар халыққа қызмет етеді. Қалайша қателік жіберіп алып, онымен қоймай тіл тигізеді?», — дейді ол.

Ералинов бұл мәселені сотта анықтауға ниетті екенін айтты.

«Сотта міндетті түрде сұраймыз: бұл ақпаратты кімнен алдыңыз? Егер біреу айтқаны дәлелденсе, оған да заң аясында талап қоюға болады», — деді ол.

Ол іс әділ қаралғанға дейін күресін жалғастыра беретінін айтты.

Әкімдік не дейді?

Qaz365.kz осы мәселе бойынша істі анықтау үшін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне, Айыртау аудандық әкімдігіне арнайы сауал жолдады. Айыртау ауданынан осы мақала жарияланғанға дейін ешқандай жауап келмеді.

Ал СҚО әкімінің аппараты әуелі бұл жұмыстардың қайта жаңғыртуға дайындық екенін атап өтті. Әкімдік мәліметінше, аумақта жүк тиегіш техника қолданылған. СҚО әкімдігі оған ресми рұқсат болмағанын мойындады.

«Тиегіш көлік цемент тасуға, брусчатка тиеуге, қоқыс пен алынған шым топырақты шығаруға пайдаланылды. Алайда бұл жұмыстарды жүргізуге ресми рұқсат болмаған», — деді СҚО әкімдігі.

Сондай-ақ Қамсақты және Антонов ауылдық округтерінің әкімдеріне жаза қолданылғанын мәлімдеді.

«Қамсақты ауылдық округінің әкімі жер телімін зират ретінде тіркеу шараларын уақытында ұйымдастырмағаны үшін сөгіс алды. Ал Антонов ауылдық округінің әкімі өз құзыретіне кірмейтін аумақта абаттандыру жұмыстарын жүргізгені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — деді СҚО әкімдігі.

Дегенмен Солтүстік Қазақстан әкімдігі ескі қорымның «бүлінбегенін» айтты. Ауыр техника кіргенін де жоққа шығарды.

«Ескі қорым мен тарихи зиратты сақтау үшін жұмыстар қолмен атқарылды. Киелі орынға және оған іргелес жатқан қабірлерге зиян келтірілген жоқ, қорлау не бүлдіру әрекеттері болмады. Құлпытастар тұрған аумаққа және мазар маңына ауыр техника кіргізілген жоқ», — деді СҚО әкімдігі.

Ал тіл тигізген аудан әкіміне қатысты мәселе Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі әдеп комиссиясында қаралған. Сол жерде аудан әкімі Мейрам Меңдібаевтың тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын да хабарлады.

«Комиссия шешімімен аудан әкімі қызметтік әдеп талаптарын сақтамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — деді СҚО әкімдігі.

Qaz365.kz істі ары қарай бақылап, тікелей ақпарат таратып отырады.