Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі Щучье қаласындағы дәмханада болған жарылысты зерттеу үшін ведомствоаралық комиссия құрды. Комиссияны Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жеке өзі басқаратын болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тергеу жұмыстарына жеті бірдей министрліктің өкілдері тартылды:
Ішкі істер;
Денсаулық сақтау;
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау;
Энергетика;
Өнеркәсіп және құрылыс;
Әділет;
Сауда және интеграция министрліктері, сондай-ақ Ақмола облысының әкімдігі.
Комиссияның басты міндеті – оқиғаның себебін жан-жақты зерттеп, болашақта мұндай қайғылы жағдайлардың қайталанбауы үшін алдын алу шараларын әзірлеу.
Бес қабатты тұрғын үйге жапсарласа салынған бір қабатты дәмханада газ баллоны жарылып, арты өртке ұласқан. Өрт сөндірушілер оқиға орнына бес минутта жетіп, ғимарат ішінен 50 литрлік бес газ баллонын және екі оттегі баллонын алып шыққан. Бұл әрекет қайталама жарылыстардың алдын алуға мүмкіндік берді.
Төтенше жағдай салдарынан 7 адам қаза тауып, 28 адам зардап шекті. Қазіргі уақытта 13 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде. Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруды жергілікті әкімдік өз мойнына алды.