Шымкенттегі тұрғын үйдің бір подъезінен төрт адамның мәйіті табылды

Qaz365.kz редакциясы
Qaz365.kz

Шымкент қаласының Студенттер қалашығы мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде жантүршігерлік оқиға болды. Бір подъездің үш түрлі пәтерінен төрт адамның мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы жағдайға газдан улану себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оқиғаның мән-жайы пәтер жалдап тұрған 20 жастағы студент қыздың өлімінен кейін белгілі болған. Пәтер иесі келіп, жуынатын бөлмеден бойжеткеннің мәйітін тапқан соң, құзырлы органдар шақырылған. Құтқарушылар өзге пәтерлердің есігін бұзып кіргенде, тағы үш адамның мәйітін тапты: олар — 31 жастағы әйел, 16 жастағы жасөспірім және екінші қабатта тұратын 23 жастағы жігіт.

Тұрғындардың айтуынша, үй ішінде газдың иісі бірнеше күннен бері сезілген. Алайда тиісті шаралар дер кезінде қабылданбаған. Қазіргі уақытта полиция департаменті адам өліміне әкеп соққан қызмет көрсету бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады.