Алматы облысында тіс емханалары жалған ем көрсетіп, бюджет қаржысын жымқырған

Qaz365.kz редакциясы
Canva

Алматы облысында жекеменшік стоматологиялық клиникалар желісінің директоры мемлекет қаржысын заңсыз иемденді деген күдікке ілінді. Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) жүргізген тергеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тергеу мәліметтері бойынша, аталған клиникалар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорымен азаматтарға тегін стоматологиялық көмек көрсету үшін 450 миллион теңгеден астам сомаға келісімшарт жасасқан. Алайда, іс жүзінде директор «Дамумед» жүйесіне ортодонтикалық ем алды деген жалған мәліметтерді енгізіп отырған. Алаяқтық схеманы жүзеге асыру үшін ол дәрігерлердің есептік жазбаларын олардың рұқсатынсыз пайдаланып, бұрын емханаға жүгінген балалардың жеке деректерін қолданған. Нәтижесінде, көрсетілмеген қызметтер үшін 4 597 жалған жағдай тіркелгені анықталды.

Қазіргі таңда сот шешімімен күдіктінің 23 млн теңгелік банктік шоттары мен 29 млн теңге тұратын медициналық құрал-жабдықтары бұғатталды. Күдікті келтірілген шығынның 11 млн теңгесін өз еркімен өтеген. Ол қазір үйқамақта отыр.