Иран дрондары Әзербайжан аумағына құлады: жараланғандар бар

Qaz365.kz редакциясы
видеодан кадр

Әзербайжанда Нахчыван қаласына жақын орналасқан әуежай аумағына Ираннан ұшырылған ұшқышсыз ұшу аппараты құлағаны хабарланды. Сонымен қатар бірнеше дрон елдің басқа аймақтарында да жарылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, дрондардың бірі әуежай маңына түссе, тағы бірнешеуі түрлі аумақта, соның ішінде Шекерабад ауылындағы мектептің жанында жарылған.

Оқиға кезінде мектеп мұғалімдері мен әуежай қызметкерлері қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Алдын ала ақпарат бойынша, жарылыстар салдарынан екі адам жарақат алған.

Әзербайжанның Сыртқы істер министрлігі аталған жағдайға байланысты Ираннан ресми түсініктеме талап етті.

– Біз Иран Ислам Республикасынан бұл оқиғаны жедел түрде түсіндіріп, мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін қажетті шаралар қабылдауды талап етеміз. Әзербайжан тарапы тиісті жауап қадамдарын жасау құқығын өзінде қалдырады, – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Осы оқиғаға байланысты Иранның Әзербайжандағы елшісі Сыртқы істер министрлігіне шұғыл түрде шақырылды.

Айта кетейік, бұл жағдай Таяу Шығыстағы шиеленіс күшейіп тұрған кезеңде орын алды. 28 ақпаннан бастап АҚШ пен Израиль Иран аумағына соққы жасап келеді. Ал Тегеран бұған жауап ретінде Израильге және аймақтағы АҚШ әскери базаларына зымырандар мен дрондар жіберуде.