Полиция екі күдіктіні қамауға алды
14 ақпан күні Талғар қаласында әйелі өзінің анасымен бірге күйеуіне 30-дан аса пышақ жарақатын салған. Марқұм болған ер адам 7 баланың әкесі болған.
Qaz365.kz редакциясы жәбірленуші тараптың адвокатына хабарласып, істің мән-жайын анықтады.
Іс бойынша қаза болған ер адамның әйелі мен оның анасы күдікті болып отыр. Қылмыс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі, 7-тармағы «Алдын ала сөз байласу арқылы топпен кісі өлтіру» бойынша тіркелген. Қазіргі таңда полиция мен прокуратура заң аясында жәбірленуші тарапқа көмектесіп жатыр. Адвокаты істің барынша объективті түрде жүріп жатқанын хабарлады.
«Полиция мен прокуратура заң аясында жәбірленуші тарапқа барлық жағдайды жасап, көмектесіп жатыр. Бір тарапты ғана емес, істе жан-жақты объективті тергеу өтіп жатыр. Сараптамалардың бәрі тағайындалып жатыр. Қорытындыларды алған жоқпыз. Қорытындыларды алғаннан кейін кімнің, қалай өлтіргені белгілі болады», — деді Асылбек Әбдірайымов.
Адвокат сол оқиға кезінде үйде жасөспірімдердің болғанын айтты. Бірақ әзірге олардың оқиғаны көрген-көрмегені белгісіз.
«Үйде жасөспірімдер болған. Төрт бала болған. Біз оқиға солардың көзінше болған ба, әлде басқа бөлмеде болған ба, білмейміз. Қанды оқиғаны көрген-көрмегені белгісіз. Бірақ олардың психологиялық жағдайы нашар. Мамандар көмек береді. Оқиға 14 ақпан күні болды. Бұл іс бойынша Жандос Палманов екеуміз қорғаушы болып отырмыз», — деді Асылбек Әбдірайымов.
Адвокаттарының айтуынша, бұған дейін жылқыларын оның жұбайы сатып жіберген. Сондықтан ерлі-зайыптылардың арасында кикілжің болған. Жұбайы осы жағдайға байланысты қылмысқа баруы мүмкін. Ер адам ұйықтап жатқан кезде шабуыл жасалған.
«Отбасылық-тұрмыстық жанжалға байланысты топтасып жасалған кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына орналастырылды», — деп мәлімдеді Алматы облыстық полиция департаменті.
Ер адамның артында 7 баласы қалды.