Кафе иесі ұсталып, қамауға алынды
Щучинсктегі қайғылы оқиғадан қаза тапқандар саны 11 адамға жетті. Бұл туралы Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Белгілі болғандай, 8 наурызда зардап шеккендердің бірі Щучинсктегі аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Ал 9 наурызда Көкшетаудағы ауруханада тағы бір науқас көз жұмды.
Еске салайық, Щучинсктегі “Центр плова” кафесінде жарылыс 26 ақпан күні кешке болған. 2 наурызда кафе иесі ұсталды. 4 наурызда ол екі айға қамауға алынды. Алдын ала мәлімет бойынша, жарылысқа газ баллондарын қауіпсіз пайдалану талаптарының бұзылуы себеп болған.
Оқиғадан кейін Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігіне әкімдіктермен бірге өрт қауіпсіздігін күшейтіп, газ қызметтерінің жұмысын қатаң бақылауға алуды, профилактикалық рейдтер жүргізіп, халыққа түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.