Таразда мас жолаушы автобус жүргізушісіне пышақ салды

Qaz365.kz редакциясы
видеодан кадр

Тараз қаласында мас жолаушы мен қоғамдық көлік жүргізушісі арасындағы жанжал қанды оқиғамен аяқталды. Жұмыс уақыты аяқталғанына қарамастан, жолаушы жүргізушіден бағыт бойынша жүруді талап етіп, соңында оған пышақ ала жүгірген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, екі ер адам арасындағы сөзге келіспеушілік төбелеске ұласқан. Төбелес барысында 40 жастағы жолаушы 59 жастағы автобус жүргізушісіне пышақ жарақатын салған. Қазіргі таңда зардап шегуші ауруханаға жеткізілді, оның жағдайы туралы нақты ақпарат әлі жарияланған жоқ.

«Күдікті дереу ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Жүргізуші ауруханаға түсті. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», — деп хабарлады Жамбыл облыстық Полиция департаменті.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Қақтығыстың видеосы әлеуметтік желілерде тарап кетті.