Жетісу облысының Панфилов ауданында балықшыны құтқару кезінде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері қаза тапты. Бұл туралы ҚР ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қайғылы оқиға 2026 жылғы 7 наурызда Алтынкөл көлінде болған. Мұз ойылып, балықшы жағадан алыс жерде суға түсіп кеткен. Оған көмекке бірден өрт сөндірушілер мен «Барыс» құтқару қызметінің мамандары жіберілген.
Құтқару жұмыстары кезінде №11 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау майоры Дамир Таранов балықшыны құтқаруға әрекет жасаған. Алайда мұз қайтадан ойылып, құтқарушының өзі суға түсіп кетіп, қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан.
Дамир Таранов азаматтық қорғау органдарында 2012 жылдан бері қызмет атқарған. Ал 2016 жылдан бастап Панфилов ауданы мен Қапшағай қаласының өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеген.
Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалды.