Таразда мектеп оқушысын жеті қыз жабылып соққыға жыққан

Qaz365.kz редакциясы
istock

Таразда жеті қыз мектептің 9-сынып оқушысына шабуыл жасап, ауыр жарақат салған. Қатыгез шабуылдан кейін жасөспірім екі күн жансақтау бөлімінде жатқан, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оқиға №51 мектептің 9-сынып оқушысына қатысты болған. Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, қыз балаға бір мезетте жеті қыз шабуыл жасаған. Жанжал кезінде төбелеске арнайы соққы құралы – кастет қолданылған болуы мүмкін деген болжам бар.

Шабуыл салдарынан мектеп оқушысы ауыр жарақат алып, екі күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Дәрігерлердің айтуынша, белгілі бір уақытқа дейін ол өздігінен қозғала алмаған.

Жамбыл облысы полиция департаменті оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, полицияға жеткізілгенін мәлімдеді. Ведомство мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Полицияның хабарлауынша, төбелеске қатысқан жасөспірімдердің ата-аналары кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ жасөспірімдердің әрекеті кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралған. Нәтижесінде олар профилактикалық есепке қойылған.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.