Тараздағы оқушы қыздың соққыға жығылуы: Бала құқықтары жөніндегі уәкіл оқиғаның мән-жайын түсіндірді

Qaz365.kz редакциясы
depositphotos

Тараздағы тоғызыншы сынып оқушысының соққыға жығылуы туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың бір бөлігі шындыққа жанаспайды. Жамбыл облысындағы бала құқықтары жөніндегі аймақтық уәкіл Дәурен Бағжанов «Курсив» басылымына берген сұхбатында оқиғаның нақты мән-жайын баяндап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Уәкілдің айтуынша, зардап шеккен оқушы қыз жансақтау бөлімінде жатпаған және төбелес кезінде кастет қолданылғаны туралы ақпарат расталмады. Сонымен қатар, жеті адам шабуыл жасады деген дерек те теріске шығарылды: оқиға орнында алты қыз болған, бірақ төбелеске тек екеуі қатысып, қалғандары сырттай бақылап тұрған. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, қыз баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, ол ауруханада екі күн болып, үйіне шығарылған.

Өңірлік уәкілдің мәліметінше, құрдастар арасындағы жанжал 5 наурызда басталған. Сол күні кейін жәбірленуші деп аталған қыз алғаш болып қатарласын ұрған. Оқиға орнына полиция келіп, жасөспірімдердің барлығы аудандық полиция бөліміне жеткізілген.

«Оларға ескерту жасалып, кейін үйлеріне жіберілді», — деді Дәурен Бағжанов.

Келесі күні 9-сынып оқушысы көпқабатты үйдің кіреберісінде сол қыздармен қайта кездескен. Алдымен сөзге келіп, кейін жанжал төбелеске ұласқан.

Екінші оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, мектеп оқушылары медициналық тексеру үшін ауруханаға жеткізілген.

Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, дәрігерлер қыздың ауыр жарақат алмағанын растаған. Ол ауруханада екі күн бақылауда болып, кейін үйіне шығарылған. Дәрігерлер оның өміріне қауіп жоқ екенін мәлімдеген.