«Атыраулық хакер» Түркияда ұсталды

Qaz365.kz редакциясы

Бас прокуратура күдіктіні елге қайтару туралы сұрау салуды дайындау үшін өтініш жолдады

Фото: Atyrau OIL

Әлеуметтік желілерде «атыраулық хакер» деген атпен танылған Атырау облысының тұрғыны Түркияда ұсталды. Оны ұстау операциясын Самсон қаласында Интерпол қызметкерлері жүргізген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұған дейін өңірлік полиция департаменті ер адамның бірнеше алаяқтық эпизодтары бойынша күдікті ретінде өтіп жатқаны хабарланған болатын. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабы («алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Тергеу нұсқасы бойынша, Құрманғазы ауданының тұрғыны инвестиция, IT саласында оқу, аккаунттарды бұғаттан шығару, ақша қаражатын шығаруға көмектесу және техника сату сияқты сылтаулармен адамдарды алдап, ақшасын иемденген. Келтірілген жалпы шығын көлемі 13 миллион теңгеден асады.

Қаңтар айында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын белгілеген еді.

“Күдікті халықаралық іздеуге жарияланған болатын. Ақпан айында ол Түркияның Самсон қаласында ұсталды. Қазір Бас прокуратура күдіктіні елге қайтару туралы сұрау салуды дайындау үшін өтініш жолдады”, – деп хабарлаған облыстық прокуратура АЖ сауалына жауап ретінде.

Хакер қалай танылды

Бұған дейін атыраулық хакер Қызылқоға ауданында бір отбасы жоғалып кеткен кезде істі өзінше тергеп, әлеуметтік желілерде кеңінен танылған еді. Сол кезде интернетте ол өзін «атыраулық хакер» деп таныстырған әрі бұл істі өзі тергеп жатқанын айтқан видео тараған.

Жарияланымдарында ол болжамды геолокациялар, телефон байланыстары және басқа да деректерді көрсеткен. Бұл видеолар Instagram желісінде тез таралып, қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Ал ер адамның өзі бұған дейін Қазақстаннан тыс жерде жүргенін айтқан, Дубайда тұратынын да мәлімдеген.

Жақында Атырау қаласы маңындағы Геолог шағын ауданында бұған дейін жоғалып кеткен Жангелдин ауылы тұрғыны — Наурыз бен Мейрамгүлдің денесі табылды. Осылайша, жоғалған төрт адам да кісі қолынан кеткені анықталды. 

Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның әйелі Ақбаян Индонезиядан Алматы қаласына жеткізілген. Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз бен Мейрамгүлді өлтіргенін мойындап, олардың денелерін Геолог шағын ауданында бұрын жалдап тұрған үйдің ауласына көміп тастағанын айтқан.