Алматыда бұрынғы әнші Рахат Тұрлыханов кезекті отбасылық жанжалдан кейін полиция бөліміне жеткізілді. Бұл туралы ақпаратты мегаполистің Полиция департаменті растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тәртіп сақшыларына отбасылық жанжал туралы шақырту түскен соң, оқиғаға қатысушылар Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Тексеру барысында әйелі бастапқыда өзіне физикалық күш көрсетілгенін айтқанымен, кейінірек ұрып-соғу фактісін жоққа шығарып, тек отбасылық жанжал бойынша арыз түсірген. Нәтижесінде ер адамға қатысты Әкімшілік кодекстің 73-бабы («Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қайшы әрекеттер») бойынша хаттама толтырылды.
Бұл бап бойынша ескерту жасау, 24 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған. Бұл – бұрынғы өнерпаздың қатысуымен жұртшылыққа мәлім болған үшінші отбасылық жанжал. Осыған дейін 2023 жылдың қазан айында Тұрлыханов әйелін ұрды деп айыпталған, бірақ іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған болатын. Екі айдан соң ол тағы да жанжал шығарып, әйелін ұрғаны үшін алдымен ескерту алып, кейін прокуратураның наразылығынан соң 10 тәулікке қамалған еді.
Рахат Тұрлыханов – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыхановтың бауыры.