Атырау облысында 6 айлық сәби ауруханаға жетпей көз жұмды

Qaz365.kz редакциясы
Depositphotos

Атырау облысында 6 айлық сәби ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Ата-анасының айтуынша, оларға санитарлық авиация берілмеген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

azh.kz мәліметінше, баланың жағдайы бастапқыда отит пен жоғары температурадан басталған. Алайда дәрігерлер ұзақ уақыт нақты диагноз қоя алмай, дер кезінде ем тағайындалмаған.

Сәбидің жағдайы күрт нашарлаған соң, отбасы оны өз көліктерімен облыстық ауруханаға жеткізуді ұйғарған. Жол шамамен алты сағатқа созылған.

Өкінішке қарай, нәресте аурухана кіреберісінде көз жұмған.

Ата-анасы дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, санавиация ұйымдастырылғанда, жағдай басқаша болуы мүмкін еді деп санайды.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы бұл оқиғаға байланысты тексеріс басталғанын хабарлады. Қорытынды шешім сот-медициналық сараптама нәтижесінен кейін шығарылады.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалған жоқ.