«Біреулер үйіне келген»: Алматыдағы жол апатынан қайтқан марқұмдардың отбасына сес көрсетті ме?

Qaz365.kz редакциясы

Мұрат Әбенов марқұмдардың отбасы тергеу барысына күмәнмен қарайтынын айтты

21 наурыз күні Алматы қаласында Әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болып, 3 адам көз жұмды. Осы оқиғадан кейін Мұрат Әбенов сол көшелерге шығып тұрып, жүйіткіген көліктерге полиция көз жұма қарайтынын айтқан еді. Бүгін ол отбасына әлдекімдердің келгенін, олардың шошып қалғанын және сондықтан олардың тергеудің әділ өтетініне күмәнданғанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутат Мұрат Әбенов марқұмдардың отбасындағылар неліктен тергеу барысына күмәнмен қарағанын айтты. 

«Қылмыс бойынша тергеу ашықтығы қаншалықты әділетті болатынына күмәндерін айтып жеткізді. Олардың үркіп-шошып жатқаны — бұл отбасына біреулер хабарласып, мекенжайын қайдан алғаны белгісіз келіп, күш көрсетпесе де, өздерінің мүмкіндіктерін байқатып, күзетпен келген. Солар осыдан соң күмәндерін білдірді. Маған хабарласты. Содан кейін мен істі қолға алып, дәл Сейфуллин және Әл-Фараби көшелеріне барып көрдім. Тікелей эфирге шығып бірден сын айтып, полицияны сынасам, маған бір полиция қызметкері келіп «ондай емес қой, бәрін бақылап отырмыз» деп айтып тұрды», — деді Мұрат Әбенов. 

Айта кетейік, Алматы қаласының Әл-Фараби даңғылында 21 наурыз күні жол апаты болып, 3 адам оқиға орнында қаза тапты. Полиция бұл оқиғаны ҚР ҚК-ның 345-бабының 4-бөлімі бойынша тергеп жатыр. Бұл бап бойынша кінәлі адамға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Осы оқиғадан кейін үш шенді полицей жұмыстан қуылып, заң бұзушылықтар анықталды.