Ресейдегі қақтығыс: Қазақстандық жұмысшылар жазаға тартылды

Qaz365.kz редакциясы
ҚР СІМ

Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы Ресейдің Усть-Луга вахталық кентінде орын алған жаппай қақтығысқа байланысты мәлімдеме жасады. 28 наурыз күні дипломаттар оқиға орнына барып, тұрмыстық жанжалдан кейін ұсталған отандастарымызбен кездесті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Консулдық мәліметінше, Ресейдің ірі экспорттық порты салынып жатқан нысандағы тәртіпсіздікке бірнеше жүз адам қатысқан. Оқиғадан кейін күштік құрылымдар әртүрлі елдің 30-дан астам азаматын ұстады. Алғашқы тергеу амалдарынан кейін ұсталғандардың көбі босатылғанымен, бірқатар қатысушыға, соның ішінде Қазақстан азаматтарына қатысты сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы кесілді. Тағы үш қазақстандық тергеу астында қалуда.

Қазіргі уақытта зардап шеккен қазақстандықтар жоқ және ешкімге медициналық көмек қажет болмаған. Дипломаттар жұмысшылармен, мердігер мекеме және құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесу өткізіп, қақтығыстың себептерін талқылады. Ресми орган барлық отандастарымызға қажетті құқықтық және консулдық қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.

Еске сала кетейік, 26 наурыз күні Усть-Луга кентінде жұмысшылар арасында тұрмыстық сипаттағы жаппай қақтығыс болып, оның видеосы әлеуметтік желілерде тараған болатын. Қазіргі таңда кенттегі жағдай тұрақталды, ал Ресейдің құқық қорғау органдары қатысушылардың іс-әрекетіне құқықтық баға беру үшін тергеуді жалғастырып жатыр.