Түркістан облысында бір апта бұрын суға батқан бала әлі іздестіріліп жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан облысында Келес өзеніне ағып кеткен 8 жастағы Жаннұр Тұрсынбекті іздестіру жұмыстары бір аптадан бері нәтиже бермей жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бала 23 наурыз күні түскі сағат 16:00 шамасында далаға ойнауға шығып, қайтып оралмаған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алдын ала болжам бойынша, жеткіншек өзен жағасында жүріп, суға түсіп кеткен аяқ киімін алмақ болғанда ағынға ілесіп кеткен. Содан бері баланың не өзі, не денесі табылмаған. Қазіргі таңда іздеу шараларына ТЖД-ның 120 қызметкері, 15 техника, 8 қайық және 5 ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) жұмылдырылды. Құтқарушылар Келес өзені мен Сырдария жағалауы бойындағы 55 шақырым аумақты мұқият тексеріп жатыр.

Баланың жақындары іздеу жұмыстарына барынша көп адам тартуды сұрайды. Себебі Келес өзенінің ұзындығы 200 шақырымнан асады және ол Шардара бөгеніне құяды.

«Іздеу жұмыстары жүріп жатыр, бірақ әлі інімізді таба алмай отырмыз», — дейді бүлдіршіннің туыстары.

Қазіргі уақытта баланың ата-анасы өзен бойында кенже ұлдарының аман табылуын күтіп отыр. Мамандар су айдынындағы ағыстың қаттылығы мен аумақтың кеңдігі іздеу жұмыстарын қиындатып жатқанын алға тартуда.