Алматыда заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан қамауға алынды

Qaz365.kz редакциясы
Instagram.com/adiletkhan

Алматы қаласының Полиция департаменті заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханның ұсталғанын растады, деп хабарлайды Qaz365.kz

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол көрінеу жалған ақпарат таратты деген күдікке ілініп, уақытша ұстау изоляторына (УҰИ) қамалды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Бұған дейін Әділетхан Молдаханның көмекшілері заңгерді полиция қызметкерлері ұстап әкеткенін хабарлаған болатын. Бастапқыда ұстаудың нақты себептері айтылмағанымен, заңгердің соңғы уақыттағы қоғамдық белсенділігі мен өткір мәлімдемелері назарға алынды. Полиция департаменті тергеу мүддесіне байланысты әзірге өзге ақпаратты жариялаған жоқ.

Еске сала кетейік, Әділетхан Молдахан Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында орын алған, үш адамның өмірін қиған қайғылы жол апатына қатысты өз пікірін білдірген болатын. Ол бұл оқиғаға Алматы қаласы полиция департаменті басшысы орынбасарларының бірінің қатысы бар деген болжам айтқан еді. Бұл мәлімдеме қоғамда үлкен резонанс тудырды.