Полиция Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдіктінің психикалық емдеу мекемесінде жатқанын растады

Qaz365.kz редакциясы

Жақындары күдікті жазадан құтылып кетуі мүмкін деп алаңдап отыр

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қаза табуына байланысты тергеу аясында Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы – «Некеге мәжбүрлеу» бойынша жеке қылмыстық іс қозғалған еді. Бұған дейін марқұмның ағасы күдікті жазадан жазадан жалтарып кете ме деп қауіптеніп, емдеу орталығында жатқанын мәлімдеген еді. Полиция бұл ақпаратты растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Шымкент қаласының полиция департаменттің баспасөз хатшысы жариялаған мәліметке қарасақ, ер адамға бір емес, екі рет сот-психиатриялық сараптама жасалған. Қорытындысы бойынша онда ақау бары анықталған.

«Күдіктіге қатысты тергеу адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг бойынша жалғасуда. Тергеу барысы бақылауда.Екі рет жүргізілген сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша күдіктіден психикалық бұзылыстар анықталып, осыған байланысты ол мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Емдеу аяқталғаннан кейін күдікті тергеу әрекеттерін жалғастыру үшін қайтадан тергеу изоляторына қамалады», деп мәлімдеді Шымкент қаласының ПД баспасөз қызметі. 

Еске салайық, бұған дейін Qaz365.kz редакциясына берген сұхбатында марқұмның ағасы сұхбат беріп, «жынды деп шығарып алса да, қан жібермейді» деген еді.