«Зертханадағы сынақ жасайтын қоян емес»: Әділетхан Молдаханның жақындары президентке үндеу жасап, араша сұрады

Qaz365.kz редакциясы

«Көрінеу жалған ақпарат тарату» айыбы бойынша ұсталған танымал заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханның ісін қоғам қызу талқылап жатыр

Коллаж: Qaz365.kz

Алматыда жалған ақпарат таратты деген күдікпен 10 тәулікке қамауға алынған Әділетхан Молдаханның жақындары Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әділетхан Молдаханның ағасы тергеу судьясының қаулысымен оның 10 тәулікке қамауға алынып, қазіргі уақытта Алматыдағы С-18 тергеу изоляторына ауыстырылғанын айтты. Алдағы 9 сәуірге дейін арнайы сараптама жүргізіліп, оның әрекетінде қылмыс құрамының бар-жоғы анықталуы тиіс. Күдіктінің ағасы құқық қорғау органдарынан істі әділ жүргізуді талап етіп отыр.

«Енді Бас прокуратурадан өтінішім, сол сараптаманы мемлекет айтты екен деп, «иә» деп айта салып, інімді соттайтындай әрекетке бармауын сұраймын. Менің інім не болса, соны айта беретін азамат емес. Інім ақпаратты біреуден алса да, ақпаратты құрастырып айтады дегенге сенбеймін. Себебі миллион оқырманы бар. Өзі заңгер болған соң бостан бос ақпаратты тарата бермейді. Заңгер ретінде жалған ақпарат таратқандар үшін бап бар екенін ол жақсы біледі. Ол оған дейін де, полиция қызметкері болып істеп жүргенде де сол мәселелердің бәрін көрген, біледі. Жаңадан қолына телефон ұстай салып, түсіре салып, айта салатын ондай адам емес. Сондықтан нақты 10 күн ішінде барлығы таза дұрыс өтеді деген үміттемін», – деді ағасы.

Ағасының айтуынша, Әділетханның өзі заңгер әрі бұрынғы полиция қызметкері. Сондықтан ол жалған ақпарат таратқаны үшін заң алдындағы жауапкершілікті өте жақсы түсінеді.

Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы, 2-бөлігі, 3-тармағы (Масс-медиа немесе телекоммуникация желілері, онлайн-платформалар арқылы көрiнеу жалған ақпарат тарату) бойынша қаралуы мүмкін. Бұл бапта ірі мөлшерде айыппұл салу, немесе үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Жақындары бұл іс арқылы билік өзге блогерлерге сес көрсеткісі келеді деп қауіптенеді. Сөзінің соңында ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, істі бақылауға алуын сұрады.

«Енді менің інімді өйтіп соттап жіберетіндей үкіметтің алдында барлық адамға, блогерлерге көрсететіндей, «міне үкіметке қарсы бір нәрсе дейтін болсаңдар, сендерді де дәл осылай түрмеге тығамыз, отырғызып жібереміз» дейтіндей менің інім сіздерге зертханадағы сынақ жасайтын қоян емес. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» принципі жұмыс істейтін болса, сізден өтініш! Осыны бақылауға алыңызшы!», – дейді ол.

Еске сала кетсек, Алматыда танымал заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан 10 тәулікке қамауға алған еді. Бұған дейін Мұрат Әбенов оның ұсталуына байланысты «назарымда болады» деп мәлімдеме жасаған. Алайда кейін депутат Әділет Молдаханның ұсталуына «заңды негіз бар» екенін айтты.