Ақмола облысындағы бөгеттің жарылуы: Халыққа қауіп төніп тұр ма?

Qaz365.kz редакциясы
ТЖМ

Астана – Қорғалжын республикалық тас жолының бойында еріген суды дала аймағына қайта бағыттау үшін жол төсемінің деңгейін көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл шара Ақмола облысы Сабынды ауылының маңындағы «Шөптікөл» бөгетінің жарылуына байланысты қолға алынды.

Қазіргі уақытта оқиға орнында шамамен 5 мың қап пен 50 мың тонна инертті материал дайындалып, ұзындығы 800 метр болатын топырақ үйіндісі төселді. Төтенше жағдайлар министрлігі халық үшін ешқандай қауіп жоқтығын және жағдайдың толық бақылауда екенін ресми түрде мәлімдеді. Жұмыс істеп жатқан күштер мен құралдар суды елді мекеннен алшақтатып, ашық далаға қарай бұруды мақсат етіп отыр.

Оқиға орнында ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы мен облыстық департамент басшылығы жұмыстарды үйлестіруде. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ақпаратынша, су тас жолдың 75-шақырымына дейін жеткенімен, жол төсемін шайып кету немесе қирау деректері тіркелген жоқ. Көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы техника мен жеке құрам тәулік бойы кезекшілік атқаруда.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сабынды ауылынан солтүстікке қарай 2 шақырым жерде орналасқан бөгеттің жарылғаны хабарланған болатын. Сол сәттен бастап құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдар суды қауіпсіз өткізу үшін бірлесе әрекет етуде.