Атырауда BINOM мектебінің жанында бірінші сынып оқушысы жол апатынан қаза тапты

Qaz365.kz редакциясы
Ақ Жайық

Атырау қаласының Нұрсая шағынауданында Әл-Фараби атындағы BINOM мектебінің маңында автокөлік жеті жасар қызды қағып кетті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Ақ Жайыққа сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 6 сәуір күні таңертең, оқушы сабаққа бара жатқан уақытта болған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бірінші сынып оқушысы жолды жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өтпек болған. Сол сәтте оны көлік қағып, бала алған ауыр жарақаттарының салдарынан жедел жәрдем бригадасы жеткенге дейін оқиға орнында көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, апат басқа оқушылар мен мектепке баласын әкелген ата-аналардың көз алдында орын алған.

Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері мен криминалистер жұмыс істеп жатыр. Құқық қорғау органдары тергеу амалдарын бастап, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үстінде. Тиісті сараптамалар тағайындалды.