Қытайдың Қазақстанмен шекаралас аймағында аусыл ауруы өршіп тұр

Qaz365.kz редакциясы
gov.kz

Қытайдың Қазақстанмен және Ресеймен шекаралас солтүстік-батыс аймақтарында ірі қара мал арасында аусыл ауруының өршуі тіркелді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап.

Ауру ошақтары Ганьсу провинциясы мен Қазақстанмен тікелей шектесетін Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында анықталған.

Қытай ведомствосының мәліметінше, жалпы саны 6 229 басты құрайтын екі табынның 219 жануарынан аусыл расталған. Қазіргі уақытта ауру жұқтырған мал көзі жойылып, өңірлерде қатаң карантиндік шаралар енгізілді. Қытай билігі бұл штаммның өте жұғымтал екенін және елде қолданылатын вакциналарға төзімді болып шыққанын айтып, ауру «шетелден келген» деген болжам жасап отыр.

Осы оқиғамен қатар, Ресейдің Сібір аймақтарында, соның ішінде Қазақстанмен шекаралас Алтай өлкесінде 90 мыңға жуық мал басының тәркіленуі үлкен резонанс тудырды. Ресейлік билік мұны пастереллез бен құтыру ауруымен түсіндірсе, тәуелсіз сарапшылар мұның себебі аусыл болуы мүмкін деп болжайды. Ветеринарлық жағдайдың нашарлауына байланысты Қазақстан бұған дейін Ресейден астық пен жем-шөп өнімдерін импорттауды уақытша тоқтатқан болатын.

Қазіргі уақытта Қазақстан үкіметі қауіптің алдын алу мақсатында Ресеймен шекаралас аймақтарда малды жаппай вакцинациялауды бастады. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев үкімет елдегі барлық мал басын қорғау үшін аусылға қарсы вакциналарды қосымша сатып алуға дайын екенін мәлімдеді. Орталық Азияның басқа елдерінің фермерлері де мал арасында белгісіз аурудың таралуына байланысты дабыл қағуда.