«4 балаға 36 мың алимент төлейді»: Семейдегі баспанасыз қалған көпбалалы ана Берік Уәлиден көмек сұрайды

Qaz365.kz редакциясы

Көпбалалы ана бұрынғы күйеуінің айлығын азайтып көрсетіп, 36 400 теңге алимент төлейтінін айтты

Әлеуметтік желілерде семейлік жалғызбасты, көпбалалы ананың бейнежазбасы тарады. Альмира Жұмақан есімді көпбалалы ананың айтуынша, жұбайымен ажырасқанына 3 жыл болған. Көлігі, үй-жайы, кәсібі бар бұрынғы күйеуі олар тұратын үйді сатқалы жатыр. Енді балаларымен қайда барамыз деп уайымдаған ана әкімнен көмек сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Альмира Жұмақан балаларының әкесі осыдан 2 жыл бұрын бір пәтер алып, сол жерде балаларымен тұруға рұқсат бергенін айтты. Қазір сотқа жүгініп, үйді сатқалы жатыр. Альмира Жұмақанның 4 баласы бар. 

«Құрметті Абай облысының әкімі! Мен Жұмақан Альмира Төлеубекқызы, Семей қаласының тұрғынымын. 34 жастамын. Кәмелеттік жасқа толмаған 4 балам бар. Сізге үндеу жасау себебім — осыдан 3 жыл бұрын ажырасқанмын. Екі жыл бұрын жолдасым пәтер алып, балаларыммен бірге осы пәтерге тұрғызған. Қазіргі жағдайда сол «пәтерді босатыңдар» деп сотқа арыз жазды. Арыз жазғаннан бөлек кеше үйді сатуға кісілер әкеліп, сатайын деп жатыр. Балаларға төлейтін алименті — 36 400 теңге. Минималды  айлық ретінде көрсетіп, осылай төлеп отыр. Негізінде өзінің бизнесі бар адам. Үй, көлік, жағдайы бар адам. Сізге үндеу жасап, жолығуым керек болып тұр», — деді Альмира Жұмақан.

Сонымен қатар ол үй кезегіне тұрғанына 4 жылдан асқанын айтты. Алайда кезек сол күйі жылжымаған. 

«Көп балалы ана ретінде кезекке тұрғаныма 4 жылдан асты. Бірақ кезегім әлі жылжымады. Қазіргі таңда «4 баламен қайда барамын?» деген уайымым бар. Қазіргі таңда денсаулық бойынша өзіме де ота жасауы керек. 28 сәуірде онкологияға жатып, ота жасатуым керек. Туған әкелері тұрып, осындай жасап жатқаннан кейін әкімдікке, сізге жүгінуіме тура келіп тұр. Ешқандай жерде сөзбен ештеңе шешілмейді. Қағазбен ештеңе дәлелдей алмай жатырмын. Сізден өтініп сұраймын. Үй мәселесінен бір көмегіңізді берсеңіз», — деді Альмира Жұмақан.

Еске сала келсек, бұған дейін Qaz365.kz редакциясы жеті баласы бар ананың әлі күнге «Алтын алқа» ала алмай, мемлекеттен қолдау таба алмай келе жатқанын жазған еді.