Өртті сөндіруге 140-тан астам қызметкер және шамамен 40 бірлік техника жұмылдырылды
Оқиға орнына жеткен Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров әкімдік ғимаратында шыққан өртке қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Шатырдағы өрт туралы хабарлама сағат 20:21-де түсті. Бір сағаттан аса уақытта өрт оқшауланды, қазіргі уақытта оны толық сөндіру жұмыстары жалғасуда. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету барлық қызмет жұмыс істеп жатыр, қосымша әскери қызметшілер де тартылды», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ облыс әкімінің айтуынша, өрттің шығу себептерін анықтау үшін тергеу тобы құрылды.
«Ертең мемлекеттік басқармалардағы көптеген қызметкерлердің жұмыс күні онлайн форматта өтеді. Біз үшін ең бастысы – олардың қауіпсіздігі», – деп атап өтті Асхат Шахаров.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде облыстық әкімдік ғимаратының өртеніп жатқандығы туралы хабарлаған едік.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Ақтөбе қаласы, Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан 6 қабатты әкімшілік ғимараттың шатырындағы өртті сөндіруге ТЖМ құтқарушылары оқиға орнына 5 минут ішінде жетті. Алғашқы өрт сөндіруші бөлімшелер келген кезде әртүрлі орындарда үш ашық жану ошағы байқалды.
Дереу өрт сөндіру оқпандары беріліп, өртті толық жою үшін барлық шаралар қабылданды. Судың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілді.
Өртті сөндіруді үлкен аумақта оттың қарқынды таралуы, жанғыш материалдардың болуы, қатты түтін, жоғары температура және ғимараттың конструкциялық ерекшеліктері қиындатты.
Өртті сөндіруге 140-тан астам қызметкер және шамамен 40 бірлік техника жұмылдырылды. ТЖМ күштерімен өрт 300 ш.м. аумақта толық сөндірілді. Өрттің шығу себебі анықталуда.