«Әкімдік қысым көрсетті, бізді қорғаңыз»: «Рахат» базарының кәсіпкерлері Тоқаевтан араша сұрады

Qaz365.kz редакциясы

Кәсіпкерлер билік өкілдерімен ортақ шешімге келе алмағанын айтып, мәселеге мемлекет басшысының араласуын сұрайды

Фото: Бейнеден кадр

Алматы қаласындағы Жетісу ауданында орналасқан «Рахат» базарының кәсіпкерлері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев-қа бейнеүндеу жолдап, араша сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Кәсіпкерлердің айтуынша, олар бірнеше жылдан бері жер мәселесіне байланысты әкімдікпен дауласып келеді. Саудагерлер жалға алған аумақтарын ұзартуға мүмкіндік берілмей отырғанын айтып, бұл жағдайды қысым ретінде бағалайды. Жәмилә Төленова жариялаған бейнежазбада кәсіпкерлер былай деді:

«Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз, Жетісу ауданында орналасқан «Рахат» базарының кәсіпкерлеріміз. 2018 жылдан бері осында тұрған кәсіпкерлер жер төлемі үшін күресіп келеміз. Себебі Жетісу ауданының әкімі 2018 жылы жалға алған арендамызды тоқтатып, ары қарай жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді.
1993 жылдан бері дағдарыс басталғаннан кейін кәсіппен айналысып, салығымызды төлеп, өз күнімізді көріп, отбасымызды асырап жатқан халықпыз. 2018 жылдан бастап бізге Жетісу ауданының әкімдігі қысым көрсетіп жатыр», — деді олар.

Олар жалға алған мерзімді ұзартпағандарына наразы.

«Енді олар біресе бұл жерге жиһаз фабрикасын саламыз деді, тағы бірде сквер саламыз деп айтты. Қазіргі таңда заманауи сауда үйін саламыз деп отыр. Бірақ сол жобаны жүзеге асыру үшін неге бізге жалға алған мерзімді ұзартпайды? Неге жер төлемін төлеуге мүмкіндік бермейді? Неге оны біз өзіміз салмаймыз деген сұрақ туындайды.
Сізге жолдау жасап, көмек сұрауға мәжбүрміз. Біз де Қазақстан азаматымыз, заңды салық төлеушіміз. Бізді қорғаңыз.
Құрметті Президент мырза, сізден араша сұраймыз!», — деді кәсіпкерлер.

Айта кетейік, жарыққа шыққанына 2 жыл болған «Жеті апа» атты туындыны қоғам қайта талқылап жатыр. Qaz365.kz редакциясы қоғамның назарын аударған суретшіге хабарласып, оның шығармашылығы мен өнері турасында сұхбат алды.