Астана полициясы Түркістан көшесіндегі көпқабатты үйде болған өрт кезінде өрт сөндіру техникасының өтуіне кедергі келтірген жүргізушіні анықтап, жауапқа тартты. Елордалық ПД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, көлігін заңсыз қойып, аулаға кіреберісті бөгеп тастаған тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қайғылы оқиға 12 сәуірге қараған түні болды. 15-қабаттағы пәтерден шыққан тілсіз жауды ауыздықтау кезінде құтқарушылар үш баланың жансыз денесін тапты. Сондай-ақ, өрт сөндірушілер ауыр халдегі әйелді құтқарып, №1 қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жеткізді. Қазіргі уақытта зардап шеккен әйелдің жағдайы өте ауыр деп бағалануда.
Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаменті өртті сөндіру жұмыстарына аулада ретсіз қойылған автокөліктер мен жабық кіреберіс айтарлықтай қиындық тудырғанын мәлімдеді. Бұл фактор құтқарушылардың уақыт жоғалтуына себеп болған. Аталған факті бойынша департамент сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады.
Тәртіп сақшылары бұдан былай шұғыл қызметтердің жұмысына кедергі келтіретін және қауіпсіздікке қатер төндіретін заң бұзушылықтардың қатаң түрде жолы кесілетінін ескертті. Айта кетейік, көпқабатты үйлердің аулаларында көліктерді дұрыс қоймау мәселесі елордадағы ең өзекті проблемалардың бірі болып қалып отыр.