Тілсіз жаумен күреске 8 тікұшақ жұмылдырылған
Абай облысының Бородулиха ауданында басталған орман өрті жағдайды қиындатып жіберді. Президенттің өзі Вьетнамға жоспарланған ресми сапары кейінге шегерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тілсіз жау 8 маусым күні сағат 12:03-те Семей қаласынан 25 шақырымдай қашықтықтағы Батпаев орман шаруашылығының 66 кварталынан басталды. Өрт найзағайдың екі рет соғуынан шыққан.
Орман шаруашылығы комитетінің ақпаратына сәйкес, өрттің алдын ала ауданы 60 мың гектардан асқан. Кейінірек Семей орманындағы өртті сөндіруге жұмылдырылған 3 маман қаза тапты. Тағы 11 қызметкер іздестіріліп жатыр.
Өрт ошақтарына әуеден 99 рет су төгілді, жалпы көлемі - 275,5 тонна. Өртті сөндіруге Алматы қаласынан, Алматы, Жетісу және Қарағанды облыстарынан қосымша күштер мен құралдар жіберілген.
Осындай жағдайларда дұрыс жұмыс істей алмай жүрген Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қызметінен кетті. Былтыр Қостанайдағы орман өртінің салдары да ауыр соғып еді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-13 маусым күндері Вьетнамға жоспарланған ресми сапары кейінге шегерілді.
Енді Президент шұғыл кеңес өткізу және апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету шараларын қабылдау үшін Абай облысына баруды жоспарлап отыр. Үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына барлық қажет көмекті көрсетуді тапсырды.
Семей орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.
Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов қазір жағдай тұрақты деп отыр. Ол таң атқалы өртті барлау жұмысы жүріп жатыр. Қазір тілсіз жаумен күреске 8 тікұшақ жұмылдырылғанын айтты. жұмыс барысына күннің ыстығы, жел кедергі келтіріп, орманның ішкі жағына кіруде қиындық бар.
Таңертеңнен бастап барлық қолда бар күштер жалынмен күресу үшін қайта жұмылдырылды. Өрт аймағына өрт сөндіру бригадалары мен орман шаруашылығы қызметкерлерін қолдау үшін қосымша отрядтар жіберілді.
“Абай облысындағы табиғи өртке байланысты жедел желі ашылды. ТЖМ және ТЖД психологтарының жұмысы ұйымдастырылды: 8 7172 53 32 84, 8 722 235 38 31”. Көмекке мұқтаж халық 112 және 101 телефондары арқылы хабарласа алады, - деп жазылған Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарламасында.