«Өрт әдейі от қойғаннан да болуы мүмкін» - министр Ахметжанов

Qaz365.kz редакциясы

Оның айтуынша, бірнеше нұсқа зерттеліп жатыр

Коллаж: Qaz365.kz

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Абай облысындағы өрттің неден шығуы мүмкін екені жайлы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz

«Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Әдейі от салған деген нұсқа да бар. Істі арнайы прокурорлар қолға алды. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері сол топта, тергеу қорытындысын көре жатармыз», –  дейді Марат Ахметжанов үкімет кулуарында.

Оның айтуынша, бірнеше нұсқа зерттеліп жатыр. Әдейі қолдан от салған деген нұсқадан бөлек, салғырттық немесе найзағайдан да от шығуы мүмкін деген болжам бар.

«Сараптама жұмыстары жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданады. Тергеуге екі айдай уақыт кетеді», –  дейді ол.

Юрий Ильинге қатысты қандай да бір шаралар немесе істер басталды ма деген сұраққа министр былай дейді.

«Президент Бас прокуратураға тиісті тапсырма берді. Соның шеңберінде тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Өрт фактісінің өзі – төтенше жағдай. Адамдар қайтыс болды, сол себепті қылмыстық іс шеңберінде тексеру болады. Салғырттық, тиісті міндеттемесін орындау бағытында да бәлкім..», –  деп жауап берді Ахметжанов.