Абай облысындағы алапат өрттің беті қайтты

Qaz365.kz редакциясы

Өрт толық жойылғанға дейін оқшауланған ошақтардың орындарына үнемі су төгу, сондай-ақ өрттің шетін топырақпен толтыру және шашу жүзеге асырылатыны да нақтыланады

Сурет: ҚР ТЖМ

2023 жылы 14 маусымда сағат 21:00-де әуеден барлау және жедел жағдайды бағалау қорытындысы бойынша ТЖ вице-министрі Марат Күлдіков Абай облысындағы Семей орманы табиғи резерватының аумағындағы табиғи өрттің оқшауланғанын жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

"Бұл ретте қалыптасқан жағдайды ескере отырып, негізгі күш-жігерді жергілікті жану ошақтарын сөндіруге және жаңаларының пайда болуына жол бермеуге шоғырландыру үшін күштер мен құралдарды қайта топтастыру жүргізілді", – деп хабарлады Абай облысындағы орман өрті бойынша құрылған Бас штаб.

Сонымен қатар, өрт толық жойылғанға дейін оқшауланған ошақтардың орындарына үнемі су төгу, сондай-ақ өрттің шетін топырақпен толтыру және шашу жүзеге асырылатыны да нақтыланады. 

Айта кетсек, бүгін таңертең Абай облысындағы өрт бүгін-ертең толық өшірілуі мүмкін екені хабарланған еді. Дегенмен бұл өрт сөндіру жұмыстары 1-2 күнде толық аяқталады деген сөз емес. Себебі орманның ішінде топырақтың беткі қабатында шамамен 20 сантиметр тереңдікте сөнбеген шоқтар болуы мүмкін. Жел үрлесе, ол тағы да тұтанып, орман өрті қайта басталып кетпес үшін бұл жердегі жұмыстар тоқтатылмайды.