Түркістан облысында 7 заңсыз ойын бизнесі тоқтатылды

Qaz365.kz редакциясы

Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді

polisia.kz

Түркістан облысында 7 заңсыз ойын бизнесі тоқтатылды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ІІМ департаментімен бірлесе атқарған жедел-іздестіру шаралары барысында Сарыағаш қаласында «Bingo37», «Keno», «Fortuna» және басқа да форматтағы компьютерлік ойындар қызметтерін ұсынған 6 ойын нүктесінің заңсыз қызметі тоқтатылды. Жедел уәкілдер заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың бірі болған жергілікті тұрғынды ұстады.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары Түркістан қаласында да заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісін анықтады. Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер мен Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері бірлесіп, қалалық автовокзалдардың бірінен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған ер адамды ұстады.

Қазіргі уақытта осы факт ҚР ҚК-нің 307-бабы 1-бөлігі «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді.