Зерендіде орман өрті сөндірілді

Qaz365.kz редакциясы

Ми-8 тікұшағымен орманды дала алабын әуеден бақылау барысында анықталды

Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақмола облысының Зеренді ауданында орман өрті сөндірілді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықпаев пен ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 тікұшағымен орманды дала алабын әуеден бақылап шықты.

 

«Ұшу барысында сағат 15:05 шамасында Зеренді ауданындағы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің саңырауқұлақ орманшылығының аумағында орман өрті анықталды. Сол себепті аймақ басшысы отырған тікұшақ өрт шыққан жерге қонып, бортта болғандар қызыл жалынды ауыздықтауға кірісті. Алайда 20 м/с екпінді жел өрттің өршу қаупін арттырды. Дереу оқиға орнына «Көкшетау» МҰТП, «Викторовка» ЖШС, Айдабол спирт зауытынан және Ақмола облысы ТЖД барлығы 30-дан астам адам және 7 бірлік техника тартылды», - деді ведомстводан.

Әкімдіктің баспасөз қызметі атап өткендей, жедел қимылдың арқасында өрт сағат 15:35-те оқшауланып, 16:00-де сөндірілді.

 

«Орманды алқаптарды әуеден бақылаудың артықшылықтары бар. Бүгін соған көз жеткізіп отырмыз. Әуеден бақылаудың арқасында өртті дер кезінде байқап, таралуына жол берілмеді», - деді Ермек Маржықпаев.