Батыс Қазақстанда өртке байланысты 44 адам ауылдан көшірілді

Qaz365.kz редакциясы

Өңірде бүгін құрғақ шөптің 41 өрті тіркелген

instagram.com/batysqaz_tjd

Батыс Қазақстан облысында өртке байланысты ауылдан 44 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық ТЖД мәліметінше, өңірде бүгін құрғақ шөптің 41 өрті тіркелген.

Соның 20-сы сөндірілсе, Орал қаласында, сондай-ақ Ақжайық, Теректі, Бөрлі, Казталов және Бәйтерек ауданында 14 өрт ошағы бақылауда.

«Әсіресе, Теректі ауданында күрделі жағдай қалыптасты. Әйтиев ауылы маңында 50 га жер (26 га - құрғақ шөп, 24 га - орман), 2 қора-қопсы отқа оранды. 10 үй (44 адамның 16-сы бала) қауіпсіз жерге көшірілді. Оқиға орнына облыс әкімі мен ТЖД бастығы барды. Сол секілді Құмақсай ауылы маңында 25 га жерде жалынның орманға ауысу қаупі бар. Жаңаөмір ауылы маңында жану аумағы анықталу үстінде. Казталов ауданы Болашақ ауылы маңында 4 800 гектар құрғақ шөп өртеніп жатыр. Өңірде өрттерді сөндіру жұмыстары жалғасуда», - делінген хабарламада.