Қазақстан консулы жол апатынан зардап шеккендер мәселесімен айналысып жатыр
Жексенбіде Түркияның Анталья провинциясында болған жол апатынан кейін ауруханаға түсіп, операция жасалған Қазақстан турисі қаза болған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.
Мұны Азаттыққа Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
Айбек Смадияров қаза болған адам туралы толық ақпарат әзірге қолында жоқтығын, бірақ жол апатына ұшыраған микроавтобустағы туристердің бәрі Түркияға Қазақстанның Маңғыстау облысынан барғандар деген болжам бар екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан консулы жол апатынан зардап шеккендер мәселесімен айналысып жатыр.
- Зардап шеккендер есін енді жинап жатыр. Үш адам ауруханаға түскен, бірақ әрқайсы бөлек-бөлек ауруханада, консул үшеуіне де барып, хал-ахуалдарын біліп отыр, – деді Айбек Смадияров.
Бүгін таңертең жергілікті ақпарат құралдары сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сілтеп, Қазақстан консулының Алания ауруханасына барып, зардап шеккен азаматтармен кездескенін хабарлаған.
Шілденің 30-ына таңертең Түркияның Аланья ауданының Анталья провинциясында Қазақстан туристері мінген автобусқа жүк көлігі қатты жылдамдықпен соғып, жол апатын жасаған.
Микроавтобус жүргізушісі мен алдыңғы орында отырған украин гиді сол жерде қаза болып, 10 адам жараланғанын жексенбіде Hurriyet газеті хабарлаған. Оқиға орны түскен видеодан микроавтоустың алдыңғы бөлігі қатты зақымданғаны көрінеді.