Атыраудан Антальяға апалы-сіңілі екі отбасы күйеулерімен бірге демалуға барған
30 шілдеде Түркияның Алания курортында қазақстандық туристер мінген шағын автобус апатқа ұшыраған еді. Автобуста 12 отандасымыз болған. Бүгін Аланиядағы мемлекеттік емханада жатқан екінші отандасымыз қайтыс болғаны белгілі болды. Марқұмның жиені Дана Qaz365.kz тілшісіне сұхбат беріп, жағдайды баяндап берді.
Оның айтуынша, Атыраудан Антальяға апалы-сіңілі екі отбасы күйеулерімен бірге демалуға барған.
«Түркияға екі отбасы демалуға кеткен. Қайтыс болған анамның сіңілісі. Қазіргі кезде анам мен әкем ауруханада жатыр. Жездемнің жағы ісіп кеткен. Аурухана қарамай жатқан көрінеді. Хируг келмегендіктен операция жасалмаған. Апат болғанда әке-шешемді жеке клинкаға апарған. Апа-жездемді мемлекеттік ауруханаға жеткізген. Мемлекеттік ауруханада дұрыс қарамайды екен», - дейді Дана.
Оның айтуынша, әкесіне бет сүйегі сынғандықтан пластикалық операция жасалған. Жеке емханада операцияға 10 мың доллар төленген.
«Сақтандыру компания шығынын өтейміз деген. Бірақ әлі белгісіз. Нағашы апам қайтыс болды. Күйеуінің жағы, тізесі сынған. Миы шайқалған. Ұлы барғанда ауытқып, бірдеңелер айтыпты. Есін жия алмай жатыр. Сынған тізесіне құр гипс салып қойған. Жағы бір жағына қисайып кіріп кеткен. Операция жасайтын хируг болмай жатыр. Ал анамның қабырғасы сынған», - дейді Атырау тұрғыны.
Айта кетейік, 30 шілдеде қазақстандық туристер мінген экскурсиялық автобус Түркияның Алания қаласында жүк көлігімен соқтығысты. Жол апаты Окурджалар кентінің маңында болған. Бастапқыда 12 азаматтың екеуінің жағдайы орташа ауыр екені айтылған. Одан бері екі азамат қайтыс болып кетті.