Петропавл ЖЭО-да салынып жатқан жаңа мұржа қисайып кетті

Qaz365.kz редакциясы

Барлық жұмыс шұғыл тоқтатылды

Liter.kz

Петропавл ЖЭО-2-де салынып жатқан түтін мұржасы өсінен бір жағына қисайды. Нысандағы құрылыс жұмыстары тоқтатылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қалада жаңа түтін мұржасы Пиза мұнарасына ұқсайды деген қауесет расталды. «Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметі құрылыстың тоқтатылғанын хабарлады.

«8 тамызда»Севказэнерго«АҚ-ның жаңа түтін мұржасын салу барысында орындалатын құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын қадағалайтын жауапты қызметкерлері мұржа өсінің жобалық ережеден ауытқығанын анықтады. Мердігер ұйым - «Қазтеплоспецстрой» ЖШС. Мұржаны салу жұмыстары дереу тоқтатылды. Объектіні тексеру кезінде құбыр оқпанының құрылысы жүргізіліп жатқан конустық жылжымалы қалыпта өсінен қисаюға әсер еткен ақау табылғаны анықталды», – деп түсіндірді баспасөз қызметінен.

Құбырдың қанша метрін бөлшектеуге тура келетіні жобалық ұйым жүргізетін есептеуден кейін белгілі болады. Сонымен қатар, қалыпты бөлшектеу жұмыстары жүргізіледі.

«Биіктік белгісін анықтағаннан кейін бөлшектеу жұмыстары орындалады. Бұдан әрі барлық қауіпсіздік нормалары мен талаптарын сақтай отырып, жаңа қалып салынады. Құбыр құрылысы бойынша жұмыстар қысқа мерзімде қайта басталады», – деп толықтырды баспасөз қызметінен.

Өткен жылдың наурыз айында құлаған мұржаның орнына салынып жатқан жаңа мұржаның биіктігі 180 метр болуы тиіс. Оның 30 метрі орнатылған. Құрылыс жұмыстары жылдың соңында аяқталып, келесі жылы іске қосылады деп шамаланған.