Соққыға жығылған реаниматолог пен мейіргер жансақтау бөлімінде жатыр
Алматы облысының Талғар аудандық ауруханасындағы жанжалдан кейін екі адам қамауға алынды. Күдіктілер медициналық мекеменің дәрігерлерін ұрып, ауруханада көз жұмған әкесінің денесін күшпен алып кеткен, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі KTK-ға сілтеме жасап.
Соққыға жығылған реаниматолог пен мейіргер жансақтау бөлімінде жатыр. Ал марқұмның туыстары бәріне дәрігерлердің өзін кінәлауда. Айтуларынша, 64 жастағы науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетілмей, дәлізде жатып қалған. Кейін тіпті мәйітті алуға барғанда ақша дәметті дейді ашулы ағайын-туыс.
Талғар ауданы ауруханасындағы жанжал әлеуметтік желіге жылдам тарады. Жақындарының денесін күшпен алып кетуге келген бір топ жігіттің арыны қатты. Олар өзіне бөгет болған дәрігерлерге жұдырық сілтеп, біреуін тіпті сұлатып түсірген. Жансақтау бөлімі. Ашулы топ бұл жерге баса-көктеп кіріп, үш бірдей медицина қызметкерін соққыға жыққан. Сосын ауруханада көз жұмған туыстарын осы есіктен алып шығыпты. Аурухананың күзетшілері де денелі әрі ашулы жігіттерден сескеніп, қарысылық көрсете алмаған.
Асхат Тағаев, Талғар ауданы ауруханасы күзет қызметінің бастығы:
- Мәйітхнаға жылап кірді. Біз түсінеміз, ондай адамдарды. Кіргіземіз. Бірақ шыққанда қағазды қараймыз. Бесалты адам болды. Денесінен көрініп тұр, спортшы екені. Үлкен кісі. Күзетшілер зейнет жасында, күші жетпеді. Бір топ жігіт айғай-шумен ақыры мәйітті алып кеткен. Ал марқұмның туыстарынан оңбай таяқ жеген мейіргер мен реаниматолог қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жеңіл жарақат алған тағы бір дәрігер емделіп, үйіне жіберілген.
Исламбек Арыстанбекұлы, Талғар ауданы ауруханасының дәрігері:
- Жансақтау бөлімінің дәрігері естүссіз жағдайда сол бөлімге түсті. Диагнозы бас жарақаты, тері асты гематомасы. Сол көзіне зақым тиген. Кө жанарынан контузия. Жансақтау бөлімінің мейіргері де ауыр бас жарақаты мен мұрны сынып жансақтау бөлімінде жатыр. Дауға себеп болған 64 жастағы Бақыт Шорманов кеше түнгі үштерде жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер "науқасқа қажет медициналық көмекті көрсеттік, бірақ жақындары тым кеш қозғалып, ауруын асқындырған. Сондықтан екі сағаттан кейін жүрегі тоқтады" деп ақталды.
Сайра Қыдықова, Талғар ауданы ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Кеш келген соң жағдайы ауыр болды. Уақтылы келген кезде көмек болуы мүмкін еді. Кеш келгеннен кейін көптеген асқыну болғаннан соң, осындай жағдай болды. Біздің тараптан қателік жоқ деп ойлаймын.Денесін алып кеткісі келді. Денесі жансақтау бөлімінде, екі сағатта қайтыс болғандықтан, міндетті түрде 102-ге хабар береміз. 102-нің рұқсатынсыз біз денесін бере алмаймыз. Бірақ ол кісілер көнген жоқ.
Ал қара жамылған отбасы ақ халаттыларды кінәлап отыр. Айтуларынша, ауырып барған адамға дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсетпей, дәлізге жатқызып қойған.
Мұрат Шорманов, Б.Шормановтың інісі:
- Құсып, лоқси бастағанда апарған. Жағдайы ауырлай бастағанда апарған. Бұлар ұзақ уақыт бойы дәлізде жатқызып қойған. Апарған кезде жансақтау бөліміне жатқызып, бірінші көмек жасалмаған. Бірінші көмек жасалса, бауырымыз тірі қалып, оқыс оқиға болмас еді. Дәрігерлердің қателігі 100 пайыз бар. Медицина саласында жемқорлық жойылсын. Осындай жағдайға әкеп жатқан жемқорлық. "Талғар ауданы ауруханасын жемқорлық жайлаған, пара бермесең, науқасты қарамайды, мәйітті алу үшін де ақша керек" - дейді ашулы ағайын-туыс.
Төбелесті дәрігерлердің өзі бастағанына сенімді. Бірақ бұл сәт камераға ілікпеді деп отыр.
Ақжол Бақытұлы, Б.Шормановтың ұлы:
- Бауырларыма қоқанлоқы көрсеткен. Көкірегінен итерген. Біреуін ұрған. Ол камераға түспеген. Оны түсірмеген. Өйткені өз адамдары да. Содан кейін барып басталған. Біздікілер де жөнсіз қол көтеретіндер емес.
Полиция дәрігерлерді ұрып-соққан екі күдіктіні қамауға алып, «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғады.
Тергеу жүргізіліп жатыр. Ернар Сайділдин, Алматы облысы ПД ресми өкілі:
- Аталған факті ҚР ҚК 106бабының 2-бөлігі бойынша аудандық сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, жедел іздестіру іс-шаралары барысында Талғар полиция департаментінің полицейлері 1987 жылы туған Ш. есімді азамат пен 1994 жылғы Н. есімді азаматты анықтап ұстады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті түрде зерделеу үшін сараптама тағайындалып, жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.
Денсаулық сақтау министрлігі де бұл жағдайдан кейін үнсіз қалмады. Жауапты ведомствоның өкілдері медицина қызметкерлеріне шабуыл жасаған адамдарды заң аясында жазалауды талап етті.
Әсел Артақшынова, ҚР ДСМ Жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры:
- Осы құқыққа қайшы әрекеттерге құқық қорғау органдарының тарапынан сәйкес баға берілуге, шабуыл жасаған адамдар заңның барлық талабы бойынша жазалануға тиіс. Дәрігерлерге жасалған мұндай қаскүнемдік шабуыл, ауыр пациенттерге медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымның қызметіне араласуға мүлдем жол берілмейді. Денсаулық сақтау жүйесінде пациенттер мен дәрігерлердің қауіпсіздігі, науқастарға медициналық көмек көрсету үшін жағдай жасау әрқашан алдыңғы қатарда тұрады.
Ал Бақыт Шормановты бүгін жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Әкесін жер қойнына тапсырған ұл-қыздары енді дәрігерлерді сотқа беріп, соңына дейін күреспек. Олар былыққа батқан аудандық аурухананы министрлік бақылауға алып, тексеріс жүргізсін деген талап қойды.