Қол тежегішті тартып шығып кеттім. Алты адам қаққан автобус жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты

Qaz365.kz редакциясы

Сотталушы кінәсін мойындағанымен, автобустың өздігінен жүріп кетуіне «ShymkentBus» автобус паркі де жауапты деп санайды

Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі

Алты жаяу жүргіншіні қағып кеткен автобус жүргізушісіне үкім шығарылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында күдіктінің кінәсі толық дәлелденді. 
Хайрулла Юлдашевқа жаяу жүргіншілердің өлімі үшін айып тағылды. Прокуратура хабарлағандай, ол автобуста қол тежегішті қоюды ұмытып кеткен. Жарыссөзде прокурор сотталушыны сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот үкімімен жүргізуші 5 жылға сотталды. Жаза тағайындауда жәбірленушілердің кешірімі мен бұрын сотты болмағанын, кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп, осындай үкім шығарды.

Сотталушы кінәсін мойындағанымен, автобустың өздігінен жүріп кетуіне «ShymkentBus» автобус паркі де жауапты деп санайды.

Айта кетейік, сәуір айында жүргізушісі  аялдамаға тоқтаған автобус жүргізушісіз жүріп кетіп, 6 адамды қағып кеткен болатын. Салдарынан 5 адам сол жерде тіл тартпай кетті. Ал қайғылы оқиғадан аман қалған жалғыз адам жол апатынан соң мүгедек болып қалды. Ал автобусты қараусыз қалдырған 49 жастағы жүргізуші өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. 

«Мен қол тежегішті тартып шығып кеттім. Енді әркім өзіне жаман ой ойламайды ғой. Өз машинама сенгендей тастап кеткенмін. Ол жақта бір рет емес. Алдында да ол жерге кіргенмін. Бала-шағам бар. Жалғыз асыраушысымын. Бұл ісіме өкінемін. Қасақана істеген жоқпын. Соттан мүмкіндік болса, аз мерзім берсе екен деп отырмын», – деді Хайрулла Юлдашев.

Сондай-ақ тасымалдаушы компания тарапы жәбірленушілерге 5 миллион теңгеден материалдық көмек көрсетті.

«Тағайындалған жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеу белгіленді. Азаматтық талапкер Сейдалиеваның талап-арызы өзінің нақтылауы бойынша барлығы 2 миллион теңге материалдық және моральдік залал өндірілді», – деді қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Жанат Мүсірәлі.