Осы оқиғаға байланысты ауыл тұрғындары жәбір көрген баланың ауласына жиналып, өз ойларын ортаға салды
Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Қошмамбет ауылында 60 жастағы ер адам 7 жастағы ұлды зорлап, тік ішегін жыртып жіберді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Осы оқиғаға байланысты ауыл тұрғындары жәбір көрген баланың ауласына жиналып, өз ойларын ортаға салды.
«Мектепте балаға зорлық көрсетілді деген хабар түсті. Сосын мектеп директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасар, психолог – үшеуі шұғыл түрде осында келді. Бірақ ол тұста баланы ауруханаға алып кеткен. Дәрігерлер мұғалімдерді кіргізбеген. Анасының рұқсатынсыз сот сараптамасы шықпай, ешқандай ақпарат бере алмаймыз деген. Тікелей жауапкершілік ата-ананың мойынында болып тұр», – дейді ауылдағы мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Ауыл тұрғыны Бипназ Қошқарова баланың 7 жастан асса да, мектепке бармағанын айтты.
«Аудандық мәслихатқа сайлауға түскен кандидаттың бірі наурыз айында үгіт-насихат жүргізгенде сол кісінің қасында жүрдім. Сонда осы көшенің тұрғындарымен де кездескенбіз. Көршілер жалғызбасты ана, көмектессеңіздер деп, осы үйге ертіп әкелді. Сонда әжесі баланың 7 жастан асса да, мектепке бармағанын айтты. Бірақ құжатын көрген жоқпыз. Бірден мектеп директоры Нұргүл Смағұловаға ескерттім. Санақ жүргізілгенде неге есепке алынбағанын сұрадым. Реттеймін деген. Енді қыркүйекте жаңа директор келді», – дейді ауыл тұрғыны.
Оның айтуынша, анасы Алматы қаласында көше сыпырады. Балаға қарайтын адам жоқ. Ауыл әкімі атаулы әлеуметтік көмек алуға әйелдің жалақысы асып кететінін жеткізді.
Жергілікті тұрғындардың учаскелік полицейге де шағымы көп. Үнемі хабарласқанда рейдте жүрміз деп келмейтін көрінеді. Әйелдердің бірі 12 жастағы баласын бір апта бұрын ер адам қуалағанын айтты. Полицейге шағымданғанда олар назар аудармаған. Видеоға түсір деп керісінше міндетті өздеріне жүктеген. Ол әйелдің айтуынша, полицейлер жұмысына салғырт қарамай, рейд жүргізгенде дәл бүгінгідей жағдай қайталанбас еді.
Айта кетейік, полицияның хабарлауынша, қазіргі кезде 60 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Аталған дерек ҚР Қылмыстық Кодексінің 121 бабының (“Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») 4-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді. Жедел іздестіру іс-шаралары бойынша полиция қызметкерлері 1963 жылғы М. есімді күдікті азаматты анықтап, қолға түсірді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық тергеуде оның толықтылығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында сараптамалық тексерулер тағайындалып, барлық қажетті тергеу әрекеттері жасалуда. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің 201 бабы («Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу») шеңберінде жария етуге жатпайды», – делінген хабарламада.