Шахтаның қауіпсіз жұмыс істеуіне тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген тиісті тұлғаларға да құқықтық баға берілетін болады
ҚР Бас прокуратурасы Костенко шахтасындағы апатты тергеудің алдын ала нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Қазіргі уақытта көмір өндіру кезінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпеді деген күдікпен Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық жауапкершілікке 7 адамнан тұратын шахтаның басшылығы мен инженерлік-техникалық құрамы тартылуда”, – делінген Бас прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қылмыстық процестік кодекстің 128-бабына сәйкес күдіктілер Қарағанды облысындағы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу аясында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен Төтенше жағдайлар министрлігінің Қарағанды облысы бойынша Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің шахтаның қауіпсіз жұмыс істеуіне тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген тиісті тұлғаларына да құқықтық баға берілетін болады.
Айта кетейік, 2023 жылдың 28 қазанында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы көмір шахталарында бірқатар жарылыс болып, нәтижесінде 46 адам қаза тауып, 28 кенші жарақат алды.