Алматыда жолаушыдан таяқ жеп есінен танған жүргізуші әйелге қатысты жаңа деректер шықты

Qaz365.kz редакциясы

Екі бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана екен

Фото: әлеуметтік желіден

Алматыда автобустың бір топ жаяу жүргіншіні қағып кеткен жол апатына қатысты тың деректер пайда болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Куәгерлердің айтуынша, жанжалға жолаушының жолақысын төлемеуі себеп болған. Ол қолындағы табақпен жүргізушіні ұрады. Автобус жүргізушісі есінен танып, көлікті басқара алмай қалған. Бақылаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты.
Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, тағы 4 адам дене жарақаттарын алды. Олар ауруханаға жеткізілді.

«Жүргізуші туған әпкем. Жалғызбасты ана. Жасы 36-да. Екі баланы тәрбиелеп отыр. Балаларын анам қарайды. Таразда тұрады. Бірнеше жылдық тәжірибесі бар. Троллейбус жүргізген. Өзі ешкіммен ұрыса бермейді. Жедел жәрдем келгенде есінен танып қалған. Ауруханаға бардым. Қазір жағдайы жақсы», – дейді автобус жүргізушісінің сіңлісі.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Сараптама тағайындалды.
Оқиғаның басқа да мән-жайы анықталып жатыр.

«Апат салдарынан 7 адам зардап шекті. Жедел медициналық қызмет келгенше үшеуі қайтыс болды. Үш ересек адамға жабық бассүйек-ми жарақаты, ми шайқалуы, біреуіне  сол жақ жамбас сүйегінің сынығы диагнозы қойылып, N7 қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылды. Төртінші зардап шеккен 15 жастағы бала сол табан сүйектерінің сынуы диагнозымен N2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жатқызылды. Зардап шеккендерге психологиялық көмекпен қоса, барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр», – делінген Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында. 

Алматы полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 22 желтоқсан күні кешкі сағат 18:15-те болған.