Полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты толық мәлімет берді
Қарасай ауданы Шамалған ауылында ер адамды педофил деп ойлап, соққыға жыққан, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде видео тараған болатын. Онда Шамалған ауылының тұрғындары «педофилді» қылмыс орнында ұстадық деп айтқан. Кадрда соққыға жығылған ер адамның жерде жатқанын көруге болады. Кейін ер адамды полиция алып кеткен.
Полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты мәлімет берді.
Оқиға 2 қаңтарда болған. Қарасай аудандық Полиция басқармасына Шамалған ауылының 34 жастағы тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, мас ер адам жеке үйдің ауласына кіріп, кәмелетке толмаған қызын қорқытқан.
«Сол күні аудандық полиция бөліміне арыз тіркеліп, жедел іздестіру шаралары барысында 1998 жылы туған П. ұсталған. Ол көшеге шығып, мас күйде жолды қысқартпақ болып, арыз берушінің ауласынан өтуді ұйғарған. Бұл ретте үйдің қоршауы болмаған. Осы кезде оны кәмелетке толмаған қыз көріп, қорыққанынан туыстарын шақырған, олар мән-жайды білмей ер адамды соққыға жыққан», – деп хабарлады Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір процессуалдық сараптама аяқталды. Ұсталған азаматтың қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысы анықталмады. Ол арыз беруден бас тартты. Бұл факт де аудандық полицияға тіркелді.