Түркістан облысында банк менеджері 47 адамның атынан несие рәсімдеп алған

Qaz365.kz редакциясы

Ол алдына келген клиенттердің құжаттарын пайдаланған

Фото: psm7.com

Қазығұрт ауданында банк менеджері 47 адамды сан соқтырған. 31 жастағы жігіт банк клиенттерінің құжаттарын пайдалану арқылы 21 млн теңгеге несие рәсімдеп алған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Аудандық полиция бөліміне бір топ тұрғын арызданған. Аталған фактіні полицейлер Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Жедел іздеуге кіріскен тәртіп сақшылары көп ұзамай күдіктіні қолға түсірді.

Келтірілген шығын көлемі – 21 миллион теңге. Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр делінген полиция мәліметінде.

Белгілі болғандай, 31 жастағы күдікті азамат банк қызметкері болып жұмыс істеп жүрген уақытында мәселемен алдына келген клиенттердің құжаттарын пайдаланып, 70 мың теңге мен 1 миллион теңге аралығында несие рәсімдеп отырған. Осылайша ол 47 адамды алдап, ақшаны өз пайдасына жұмсап үлгерген.