«Бір кісіге қомақты қаржы берген». Бельгиялық әйел асырап алған Жәнібекке қатысты тағы бір былықтың беті ашылды

Qaz365.kz редакциясы

Ол осы оқиғаны зерттеу барысында Арқалық қаласының балалар үйінен 2000-2004 жылдар аралығында 80-нен аса баланы шетелдіктер асырап алғаны мәлім болған

Ашық дереккөзден

«Бармысың, бауырым?» бағдарламасының жүргізушісі Қымбат Досжан бельгиялық отбасы асырап алған қазақ баласы Жәнібектің ісі бас прокурорға жолданғанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Арқалық қалалық полиция басқармасында Бельгия азаматы Жан Эддидің атынан және Қазақстандағы заңды өкілі ретінде менің атымнан соталды тергеп-тексеру бойынша іс қозғалған болатын. Алайда қылмыстық іс қандай да бір қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына орай қысқартылды. Қазіргі жаңалығымыз Жан Эддиді асырап алған бельгиялық азаматша Қазақстанға келмей тұрып, Жәнібек Жұмағұловтың суреті мен жеке мәліметін электронды пошта арқылы алғанын мәлімдеді. Одан бөлек, асырап алған адам Арқалыққа келгеннен кейін бір кісіге қомақты қаржы бергенін де айтты», – дейді Қымбат Досжан.


Ол осы оқиғаны зерттеу барысында Арқалық қаласының балалар үйінен 2000-2004 жылдар аралығында 80-нен аса баланы шетелдіктер асырап алғаны мәлім болған.

«Бұл баланың барлығы заңды түрде шетел асты ма? Осы мәліметтерді ескере отырып, біздегі сараптама және зерттеу қорытындыларын негізге ала отырып, Арқалық қалалық полиция басқармасында қозғалып, кейін тоқтатылған істі тек «салғырттық» бабы бойынша емес, «кәмелетке толмағандар саудасы» бойынша қайта қозғалуын сұрап еліміздің Бас прокурорына xат жолдадық. Редакция Парламент Мәжілісінің депутаты заңнама және сот құқықтық реформа комитетінің мүшесі Абзал Құспанмен де жолығып, заңгерлік кеңес алды. Депутат бұл маңызды мәселеге бұдан әрі қарай да көмек беретінін айтты», – дейді журналист. 


Оның айтуынша, Жәнібектің оқиғасына қатысты журналистік зерттеу жұмысы бір сәтке де тоқтаған жоқ.

«Ресми органдарға жолданған хаттардан кейін маңызды шешім қабылданады деп сенеміз. Бұл жағдай Мемлекет басшысының да назарына ілікті деп ойлаймыз», – дейді Қымбат Досжан. 

Айта кетейік, 21 жастағы Эдди Жанға дүниеге келгенде Жәнібек деген есім берілген екен. Алайда қазір Эдди Жан өзін Мұрат деп атайды. Қымбат Досжан оған анасын табуға көмектесіп жүр.