Тағы бір бельгиялық Жәнібек анықталды
Ақпаратты әлеуметтік желіде журналист Қымбат Досжан бөлісті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Арқалықтан Бельгияға кеткен асыранды балалар ішінде Жәнібек есімді тағы бір баланың болғаны анықталды. Екінші Жәнібектің туған анасы, нағашылары табылды. Бүгін ДНҚ анализ тапсырды.
Шақшақ Жәнібектің құрметіне аталып, туған жер мен анасынан, діні мен тілінен жырақтап кеткен Жәнібектер...» – деп жазды журналист әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске салайық, бұған дейін «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы авторы Жанар Байсемізова қазақстандық жетім балалар 1990-2000 жылдары әлемнің отыз еліне тарап кеткенін, тіпті, Оңтүстік Африка Республикасы, Қытай, Жапония – барлығы Қазақстаннан бала алғанын айтқан еді. Ол өз сөзінде балаларды шетелге делдалдар арқылы туристік компания сатқанын мәлім еткен.
Сондай тағдырлы баланың бірі 21 жастағы Жәнібек Қазақстанға келіп, анасын іздеп, таппай кеткен. Оның есімі бүкіл елге тарап, анасының табылуына бүкіл ел тілекші болып отыр.
Қымбат Досжан «Бармысың, бауырым?» хабары Еуропада өскен, бельгиялық жалғызбасты әйел асырап алған қазақ баласының туған анасын іздеуді жалғастыра беретінін жеткізді.