Елордада ірі пәтер ұрлығына қатысы бар күдіктілер ұсталды
Астанада пәтер ұрлығына қатысы бар күдіктілер ұсталды. Қазір екі күдікті қамалып, үшіншісіне іздеу жарияланып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Polisia.kz жазуынша, осыдан бірнеше күн бұрын Сарыарқа ауданының полиция басқармасына жергілікті тұрғын хабарласып, пәтерінен 4 швейцариялық сағаттың, 2 200 АҚШ доллары мен 650 мың теңгенің ұрланғанын айтып, ұрланған заттар мен оны үптеп кеткен адамдарды табуға көмек сұраған. Ер адам келтірілген материалдық шығынды 101 млн теңгеден астам ақшаға бағалаған.
Осы іс бойынша полицейлер жедел-іздестіру операциясына кірісіп, ірі пәтер ұрлығына қатысы болуы мүмкін деген күдікпен 46 және 60 жастағы екі ер адамның тұрғылықты жерін анықтап, оларды көп кешікпей ұстаған.
Жәбірленушінің айтуынша, ол швейцариялық сағаттарының жоғалып кеткенін Алматы қаласына 10 күннен астам уақытқа барып келген соң білген. Астанаға келгеннен кейін киім ауыстыратын бөлмеде заттарды сұрыптап жатқанда, ол ашылған сейфті көрген. Онда құны 110 мың АҚШ доллары тұратын Breguet Tourbillon, әрқайсысы 55 мың АҚШ долларына бағаланған Franck Muller, Daniel Roth пен 1 мың АҚШ доллары тұратын Rado сағаттарының қолды болғанын аңғарған. Сонымен қатар сейфте тұрған 650 мың теңге мен 2 200 АҚШ доллары да ұрланғанын білген. Жедел-іздестіру операциясы кезінде жедел уәкілдер ұрылардың ізіне түсіп, оларды тапқан.
Полиция анықтағандай, күдіктілер үй иесінің Алматыға кеткенін біліп, пәтердің есігін кілтпен ашып кірген.
Ұсталғандар кінәсін мойындап, ұрланған құнды заттардың жартысы тәркіленді. Олар Шымкент қаласындағы базарда Breguet Tourbillon сағатын ашып, алтын бөлшектерін белгісіз әйелге сатып жіберген екен. Жедел қызметкерлер күдіктілердің тұрғылықты жерін тінту кезінде құлыптарды ашуға арналған құрылғылар мен негізгі ашқан кілттерді тәркіледі.
Қазір топтың үшінші мүшесінің тұрған жері анықталып жатыр. Ұсталғандар Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.