Күдікті бұлай болады деп күтпеген
Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров Qazaqstan ұлттық арнасындағы «1001» түн бағдарламасында «жедел жәрдем» жүргізушісін ұрып, қамауға алынған күдікті Нұрболат Дәкебаевқа қатысты ақпарат берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Кешенді жедел іздестіру шаралары барысында облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықтағы қыстақтардың бірінен ұстадық. Қазіргі кезде Қарағанды қаласындағы полиция бөліміне жеткізілді. Ал оған Қылмыстық кодекстің 107-бабы, 2-тармағы бойынша (бұзақылық ниетпен адам денесіне қасақана зиян келтіру) іс қозғалды. Дәкебаев ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізіліп жатыр», – дейді Бақытжан Құдияров.
Ол алдын ала нұсқа бойынша Нұрболат Дәкебаевтың сол күні қоқыс тастауға өтіп бара жатқан тұста жол бермегені үшін «жедел жәрдем» көлігінің жүргізушісімен сөзге келіп қалғанын айтады. Дегенмен, тергеушілер істің толық картинасын білу үшін жұмысты бастап кеткенін жеткізді.
Ал күдіктінің қашуына себеп, әлеуметтік желіде видеоның таралып кетуі деп отыр. Ол бұлай резонанс туады деп ойламаған. Сондықтан бой тасалап, қашқан.
Айта кетейік, 27 қаңтарда Қарағанды қаласында қызылшамен ауырған бір жасар балаға келген «жедел жәрдем» көлігінің жүргізушісіне белгісіз ер адам келіп қоқан-лоққы жасайды. Ашуға бой алдырған ол жүргізушіні ұрып тастайды. «Жедел жәрдем» жүргізушісін соққыға жыққан соң, күдікті қашып бой тасалаған. 1 ақпан күні Бас прокуратура күдікті Нұрболат Дәкебаевты Қарағандыдан 200 шақырым қашықтықтағы қыстақтардың бірінен тапқанын мәлім етті. Күдікті сақалын алып тастаған.