Сот үкім шығарды
«Алтын Орда» базары басшысының бұрынғы орынбасары Ермек Марқабаев төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алматы облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Ермек Марқабаевқа 296-баптың 4-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша айып тағылды.
Сот мәліметінше, былтыр жазда Алматы – Бішкек тасжолында полиция қызметкерлері артқы жолаушылар орындығында сотталушы отырған автокөлікті тоқтатқан. Жеке тінту кезінде оның ішінде ұнтақ зат бар байлам табылып, тәркіленді. Сот-химиялық сараптама нәтижелері бойынша бұл зат психотропты зат болып шықты: салмағы 1,796 грамм болатын "мефедрон".
Прокурор сотталушыны кінәлі деп тауып, 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындамай, айғақ беруден бас тартты.
«Сот жаза тағайындау кезінде сотталушы М.-ның баласының болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды.
Қылмыстық жауаптылықты немесе жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімі бойынша, М., ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Ермек Марқабаев 2023 жылдың маусымында «Алтын Орда» маңында ұсталған болатын. Содан кейін полицейлер тінту кезінде одан ұнтақ пен тапанша табылғанын хабарлады.