Алматыда мектеп бухгалтері 160 миллион теңгені туыстарына аударған

Qaz365.kz редакциясы

Ол мектепте жұмыс істемейтін адамдарға және өзінің жақын туыстарына ақша аударған

Фото: ашық дереккөзден

Алматының Бостандық ауданындағы мектептердің бірінде бас бухгалтер 160 млн теңгені жымқырған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қала прокуратурасының мәліметінше, ол мектепте жұмыс істемейтін адамдарға және өзінің жақын туыстарына ақша аударған.

Прокуратура осыған ұқсас ұрлық фактілерін Медеу, Алмалы, Түрксіб және Алатау аудандарында анықтады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Жалпы Алматы мектептерінде ақпараттық қауіпсіздік саласында жарты мыңнан астам заң бұзушылық, балаларды тасымалдау және білім беру мекемелерін қорғау ережелердің, санитарлық және өртке қарсы нормалардың бұзылуы, сондай-ақ оқушылар арасында буллинг фактілері анықталды.

Тексерулер нәтижесінде 10 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, шамамен 60 млн теңге өтелді, 67 қадағалау актісі енгізілді және 100-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан басқа, оқушылар арасындағы буллингтің алдын алу мақсатында оқушылар немесе олардың ата-аналарына онлайн режимде қалалық прокуратураға тікелей жүгінуге мүмкіндік беретін «QR-код» әзірленді.